09:31, 15 Қараша 2022 | GMT +5
Қаза болған өрт сөндіруші Айдос Тоғызбаевтың отбасына пәтер берілді
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында дала өртін сөндіру кезінде қаза болған өрт сөндіруші Айдос Тоғызбаевтың отбасына пәтер берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
12 қараша күні «Қарағайлы» ықшамауданында орналасқан тұрғын үйдегі 3 бөлмелі пәтердің кілті марқұм Айдос Тоғызбаевтың жұбайы мен балаларына табысталды. Баспананы сыйлаған «Азия Фирма» ЖШС бас директоры Сәуле Досқожанова мен облыстық мәслихат депутаты Әсемқан Досқожанов отбасын қоныс тойымен құттықтады.
Еске салайық, биылғы 7 қыркүйекте Жарма ауданында дала өртін сөндіру кезінде Айдос Тоғызбаев қатты күйік жарақатын алып, қаза тапқан еді. 36 жаста болған өрт сөндірушінің артында бес баласы мен жары қалды.
ҚР Президенті А.Тоғызбаевты ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады. Награданы оның отбасына Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев табыстады.
Фото: gov.kz