Қаза тапқан әскерилер туралы бұрын түсірілген бейнеролик табылды

Бейнероликті өзінің парақшасында ҚР Қорғаныс министрлігінің бұрынғы баспасөз xатшысы Жанар Қолбачаева жариялады.
Аталмыш ролик осыдан екі жыл бұрын 2015 жылы Наурыз мейрамы қарсаңында түсірілген. Роликте әскери жігіттер ат құлағында ойнап, білектің күшін көрсетіп қана қоймай, өнерлерін де паш етеді.
«Қорғаныс министрлігіндегі қызметімнен кеткеніме көп болса да, қайғыдан шет қалып, қаза тапқан жігіттердің туыстары мен жақындары көңіл айтпай тұра алмаймын. Бекем болыңыздар. Мұндай қайғы жеңіл болмайтыны анық. Менің әріптестеріме журналистердің сұрағына жауап беру қандай қиын екенін түсінемін. Солардың қатысуымен Наурыз мейрамына арнап түсірілген роликті тағы бір көрсеткім келеді. Өмір солай, олар арамызда жоқ, бірақ біздің жүрегімізде мәңгі қала бермек. Иманды болсын!», - деп жазды Ж. Қолбачаева.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысы Көксай шатқалында орын алған қар көшкініне қатысты ҚР Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасаған еді. Онда: «Жамбыл облысындағы Көксай шатқалында өтіп жатқан 91678 әскери бөлімі әскери қызметшілерінің жауынгерлік дайындығы бойынша жоспарлы сабағы барысында күтпеген жерден қар көшкіні орын алды», - делінген. Сәл кейінірек, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов қар көшкіні астынан 16 адам құтқарылып , 7 адамның мүрдесі табылғанын мәлімдеген болатын.