Казачье тұрғындары ауыл атауының өзгермей келе жатқанына шағымданды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Казачье — Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы шағын ауыл. Жергілікті халық былтырдан бері елді мекен атауын Бірлік деп ауыстыруды ұсынып келе жатыр. Алайда әзірге одан еш нәтиже болмай тұр. Kazinform тілшісі ауыл атауының не себепті өзгермей келе жатқанын біліп көрді.

Казачье ауылы халқының бірлігі жарасқан. Содан да болар дүйім жұрт бірауыздан ауыл атауын Бірлік деп ауыстыруды ұйғарған. Олардың айтуларынша, былтыр ауылда осыған байланысты өткен жиналысқа аудан әкімдігінен 3 қызметкер келген.
— Сол жерде халықтың қолдауымен ауыл атын ауыстыру жайлы шешім қабылданды. Алайда әлі күнге дейін ауыл атауы өзгермей, елді мекеннің кіреберісіндегі тақтайшада «Казачье» деп жазылып тұр, — дейді Файзолда есімді ауыл тұрғыны.
Бұдан бөлек, 10 жыл бұрын ауылдағы Заречье көшесіне Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың есімі беріліпті. Бірақ көше атауы тек құжат жүзінде өзгерген. Себебі күні бүгінге дейін үйлердің мекенжайлары жазылатын тақтайшаларға жаңа көше атауы жазылмаған.
— Кей үйлерде әлі де «Заречье көшесі» деп жазылып тұр. Бұл немқұрайлық қой! Неге тақтайшаларға Әзілхан Нұршайықовтың есімі жазылмай келеді? — деп тұрғындар наразылығын білдірді.

Халықты толғандарған бұл сауалдардың жауабын білу үшін Ұлан ауданы әкімдігіне сауалхат жолдап көрдік.
Жергілікті орган мәліметінше, 2023 жылдың 11 желтоқсанында Ұлан ауданының Казачье ауылының атауын Бірлік деп өзгерту бойынша ауыл тұрғындарымен жиналыс өткізілген.
Сондай-ақ сол жылы Ұлан ауданындағы Гагарино ауылын — Жартас, 2024 жылы Ново-Азовое ауылын — Долағайлы деп өзгерту туралы ұсыныс түскен.
Бүгінгі таңда аталған ауылдардың атауын өзгерту бойынша мәселе ауданда қаралып, ауыл тұрғындары тарапынан көпшілік дауыспен қолдау тауып, облыстық ономастика комиссиясының қарауына жолданған.
— Дегенмен, ҚР Президенті әкімшілігінің тапсырмасы бойынша ономастикалық жұмыстар уақытша тоқтатылған. Осыған байланысты ауылдың атауын өзгерту туралы ұсынысты облыстық ономастика комиссиясының қарау мүмкіндігі жоқ. Ономастикалық жұмыстарды жүргізуге рұқсат берілген жағдайда ұсыныс қаралып, шешім шығарылады, — деп түсіндірді Ұлан ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Е.Сатыев.
Оның айтуынша, оң шешім шығарылған жағдайда әділет органына тіркеу жұмыстары жүргізілген соң ауыл атауы жазылған тақтайша ауыстырылады.
— Ал Казачье ауылының Заречная көшесіне Әзілхан Нұршайықовтың есімі берілгені рас. Қазіргі таңда ауылдық округ әкімдігі тарапынан аудандық мәслихатқа үйлерге тақтайша жасату үшін қаражат бөлу жөнінде тапсырыс берілді. Ақша бөлінген жағдайда Әзілхан Нұршайықовтың есімі жазылған тақтайшаларға ауыстырылады, — дейді бөлім басшысы.