«ҚазАгро» 2016 жылғы көктемгі егіс науқанына 60 млрд теңге бөлуді жоспарлайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі 2016 жылдың егістік науқанына дайындықты бастады. Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру кезіндегі Холдингтің негізгі міндеті - несие ресурстарын алу үшін отандық ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің мүмкіндіктерін барынша кеңейту. Осы мақсатта «ҚазАгро» екінші деңгейлі 11 банктің өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл туралы холдингтің баспасөз қызметінен хабарланды.
Кездесу барысында банктердің кеңейтілген филиалдары желісін пайдалану арқылы республиканың шаруашылықтары мен агроқұрылымдарын қаржыландыру мәселелері талқыланды.
«2016 жылғы көктемгі егіс жұмыстары аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға «ҚазАгро» ұлттық холдингі 60 млрд.теңге бюджеттік несие қаражатын бағыттауды жоспарлап отыр. Бұл үшін аталған қаражатты қарыз түрінде холдингтің кейбір еншілес ұйымдары мен екінші деңгейлі банктердің арасында бөлу көзделеді. Бұдан басқа, шаруашылықтар мен агроқұрылымдарды қаржыландыруға, сондай-ақ ауылшаруашылық техникасының лизингіне «ҚазАгро» холдингінің компанияларымен жеке сектордың және сырттан тартылған қаражат бағытталатын болады», - делінген баспасөз баянында.
Сарапшылардың мәліметтері бойынша, бұған дейін «ҚазАгро» ұлттық холдингі Қазақстандағы барлық астық өндірісінің 50 пайызын қаржыландырған. Жалпы алаңы 6,5 млн. гектар аумаққа егіліп, жиналған астықты есепке алғанда «ҚазАгро» холдингінің қаражаты есебінен әрбір екінші тонна астық өндірілген.
Банк өкілдерімен кездесу барысында «ҚазАгро» холдингі астық өндірушілері бірлестігінің қызметі мен қаржыландыру механизмін таныстырып, бактерге жаңа клиенттер нарығы саналатын ауылшаруашылық кооперативтерін құру процессіне белсенді қатысу ұсынылды.
Кездесу нәтижесінде банктер Ұлттық холдингтің бастамалары мен ұсыныстарына қызығушылық танытатынын жеткізді. Бұдан бөлек, егістік науқанының белсенді фазасы басталғанға дейін «ҚазАгро» холдингімен өңірлерде көшпелі жиындар өткізуді жоспарлаған.