«ҚазАгро» агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағыттаған инвестициясының көлемі 106,5 млрд. теңгені құрады
АСТАНА. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат - 2012 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша «ҚазАгро» холдингі» АҚ республиканың агроөнеркәсіптік кешенін (АӨК) дамытуға және қолдауға бағыттаған инвестициясының жалпы көлемі 106,5 млрд. теңгені құрады.
Оның 25 пайызынан астамы немесе 28 млрд. теңгесі ауылшаруашылық өнімдерін сатып алуға, 78 млрд. теңге көлеміндегі қалған қаражат - АӨК субъектілері мен тұрғындарды несиелеуге жұмсалды. Бұл туралы аталмыш холдингтің баспасөз қызметінен хабарланды.
Баспасөз хабарламасының мәліметінше, АӨК-ді және тұрғындарды несиелеуге бағытталған 78 млрд. теңге сомасы өткен жылдың тиісті кезеңінің деңгейінен 15 пайызға артқан. Негізінде көрсеткіштің өсімі мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін несиелеу көлемінің 3,2 есеге артуына байланысты (3,3 млрд. теңгеден 10,7 млрд. теңгеге дейін). Сондай-ақ, 2012 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша холдингтің еншілес компаниясы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 8 млрд.101 млн.теңге сомасына 127 несие серіктестіктерін несиелендірген. Қарыз алушылары 246 бірлік ауылшаруашылық техникасын, 145 бірлік топырақ өңдейтін ауылшаруашылық жабдықтарын, 40 мың бас мал (ірі қара мал (ІҚМ), ұсақ малдар, жылқы, түйе, шошқа) сатып алды.
Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі ауылшаруашылығына жатпайтын қызмет түрлерін дамытуға қолдау көрсету шеңберінде жылдың басынан бастап 47,8 млн.теңге сомасына 5 қарыз алушы қаржыландырылды. Осындай қолдаулар ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2007 жылдан бастап көрсетілетіні жайлы айта кету қажет.