«ҚазАгро» ауыл шаруашылығы жобаларына игерілген 120 млрд. теңге туралы есеп берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ОКҚ брифингінде «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма басшысының міндетін атқарушы Дәурен Мақажанов 120 млрд. теңге ауыл шаруашылығындағы қандай инвестициялық бағдарламаларға жұмсалғандығы туралы айтып берді.

«ҚазАгро» ауыл шаруашылығы жобаларына игерілген 120 млрд. теңге туралы есеп берді

Осы орайда ол бұл қаржы 2009 жылы Ұлттық қордан 15 жылға 14 бағыт бойынша жобаларды жүзеге асыру үшін бөлінгендігін еске салып өтті.

«Бүгінде бұл қаржы толығымен игеріліп, жаңа өндірістерді құруға, кәсіпорындарды жаңғыртуға, еңбек өнімділігін арттыруға бағытталды», - деді Д. Мақажанов.

Атап айтқанда, осы бағытта бөлінген қаржыға микроклиматты жасайтын компьютерлік жүйемен 96 гектарлық қазіргі заманғы жылыжай кешендері іске қосылады. Бұл жылыжай кешендерінде өндірістің жалпы көлемі 51 400 тонна қызанақ пен қиярды құрайды.

«Сонымен қатар 4 800 гектар аумаққа тамшымен суару технологиялары енгізілді. Бұл тұрғыда өнім шығымдылығы артады және су үнемделеді», - деді ол.

Бұдан бөлек, 109 мың тонна сүт өнімдері өндірісіне арналған ірі сүт фермалары желісі ашылды. 80 мың тонна ет өндіруге мүмкіндік беретін құс фабрикаларының желесі салынды.

Мұнымен қоса, астық қоймаларының құрылысына назар аударылып, бидай сақтайтын қоймалардың көлемі 762 мың тоннаға артты. Ал салынған көкөніс сақтайтын қоймаларының көлемі 123 800 тоннаны құрады.