«ҚазАгро» басшылығы холдингтің лизингтік саясатын қайта қарауды көздеп отыр

АСТАНА. 11 қараша. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Үкіметтің бүгінгі селекторлық кеңесінде «ҚазАгро» холдингінің Басқарма төрағасы Асылжан Мамытбеков «Мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын таныстырды.

«ҚазАгро» басшылығы холдингтің лизингтік саясатын қайта қарауды көздеп отыр

Оның мәлімдеуінше, алдағы 5 жылда еліміздің осы саладағы экспорттық әлеуетін 60 мың тоннаға дейін жеткізу үшін 300 мың бас іріқара малды жемдеуде ұстау қажет. Оның 50 пайызын жеке фермерлер қамтамасыз етуі тиіс. «Әрине, осының бәрін ішкі мүмкіндіктерді пайдалана отырып, шешу қиын. Сондықтан алдағы 5 жылда асыл тұқымды қара малдың 72 мың басын шетелден алып келу қажет. Осының арқасында еліміздегі асыл тұқымды малдың санын 250 мың басқа дейін жеткізуге болады. Әрине, ол үшін жем өндірісін дамыту аса қажет. Біз өз кезегімізде жем өндірісі бойынша холдингтің лизингтік саясатын қайта қарап шығуға даярмыз», - деді А. Мамытбеков.

Айта кетейік, бұрын да Қазақстанда сойылған малдан шыққан еттің орташа салмағы 230 кг. болса, бүгінде бұл көрсеткіш 150 кг-дан аспай отыр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, Қазақстанда етті малдың саны - 543 мың бас, яғни 9 пайызды құрап отыр. Ал АҚШ-та бұл көрсеткіш 50-60 пайызға тең.