ҚазАгро Бишімбаевты директорлар кеңесі құрамынан босатты
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі директорлар кеңесі құрамындағы өзгерістер туралы хабарлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өзгерістерге сәйкес, Қуандық Бишімбаевтың директорлар кеңесінің мүшесі ретіндегі өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Оның орнына Тимур Сүлейменов сайланды (ҚР Ұлттық экономика министрі)»,-деп атап өтілген KASE сайтында жарияланған хабарламада.
Бұдан бұрын хабарланғандай, «Бәйтерек ҰБХ» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросы хабарлағандай, ол бір топ адаммен алдын ала келісіп, бірнеше рет ірі көлемде пара алды деп айыпталуда.
Бишімбаев Қызылорда қаласында табақ шыны шығаратын және өңдейтін зауыт салу кезінде «Orda Glass» ЖШС-ның ведомстволық бағыныстағы компаниясы мен оның мердігерлік ұйымы «Шымкентхиммонтаж» ЖШС арқылы 1 млрд теңге жымқыру қылмыстық схемасын ұйымдастырған деген күдікке ілінді. Осы орайда ол аталған соманың 2 млн АҚШ долларын өзіне алғандығы тексерілуде.
Биылғы 10 қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросы бұрынғы ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты ұстағандығы хабарланған болатын.