«ҚазАгро» биыл 2 мың тонна ет экспорттамақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАгро» компаниясы ағымдағы жылы шетелге 2 мың тонна ет және ет өнімдерін экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазАгро» ҰБХ басшысы Дулат Айтжанов мәлім етті.
«Ағымдағы жылы 2 мың тонна ет және ет өнімдерін, 375 тонна жүн және жүн бұйымдарын, 500 тонна өңделмеген тері мен дайын өнім экспорттау жоспарланып отыр», - деді ол.
Сонымен қатар, оның атап өтуінше, 2020 жылға дейін астықты экспорттау инфрақұрылымын дамыту мақсатында сыйымдылығы 1404,5 мың тонналық қойма салу көзделуде. Қазіргі уақытта бұл бағытта сыйымдылығы 687 мың тонналық жоба жүзеге асырылуда.
«Бұған қоса, ұлттық холдинг ағымдағы жылы экспорттық әлеуеті 4200 тонна ет және мал шаруашылығы өнімдерін құрайтын бірқатар компанияны қаржыландырды. Ол өз өнімдерін Қазақстаннан тысқары аумақтарда саудалауда және біз премиум-сыныпты сиыр етін Мәскеу қаласында сатудамыз», - деді Д.Айтжанов.