«ҚазАгро» холдингі инвестициялық бағдарламалар аясында 38,4 млрд. теңгені құрайтын 32 жобаны мақұлдады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Холдинг Басқарма төрағасының орынбасары Берік Бейсенғалиевтың айтуынша, мақұлданған 32 жоба жалпы аграрлық сектордың 12 бағытын қамтиды. «Бұндай жобалардың басым бөлігі азық-түлік саласындағы импортқа тәуелділікті төмендетуді қамтамасыз етеді әрі еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетін арттыра түседі деп болжап отырмыз», деді Б. Бейсенғалиев.
Аталған инвестициялық жобаларды қаржыландыру операторлары холдингтің еншілес компаниялары болып табылады. Атап айтқанда, «Аграрлық кредиттік корпорация» және «ҚазАгрофинанс» АҚ сыйақы мен негізгі қарызды өтеудің 2 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда 6 пайыздық ставкамен несиені қамтамасыз етеді. Кредиттеудің жалпы мерзімі жобалардың бағытына қарай 7 жылдан 12 жылға дейінгі кезеңді қамтиды.
Тоқтала кететін тағы бір жайт, ағымдағы жылғы наурыздың 1-інен бастап «ҚазАгро» холдингі инвестициялық бағдарламалар шеңберінде өтініштерді қарау тәртібін жеңілдетіп отыр. Жаңа регламентке сәйкес, жобаларды іріктеп алу екі кезеңнен ғана тұратын болады.