ҚазАгро холдингінің басшысы биылғы астықты сатып алу шараларын аяқтауды ұсынды - Үкімет отырысы
АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ -Бүгін Үкімет отырысында "ҚазАгро" холдингінің басшысы Асылжан Мамытбеков биылғы астықты сатып алу шараларын аяқтауды ұсынды.
Оның айтуынша, бүгінде жоспарланған 970 мың тонна астықтың 732 мың тоннасы сатып алынды Атап айтқанда, жалпы жоспарланған көлемде бұл 76 пайызды құрайды.
«Осымен сатып алу өтінімдерін қабылдауды аяқтау ұсынылады. Себебі, қолда бар астық жеткілікті», - деді А. Мамытбеков.
Оның сөзіне қарағанда, биылғы егіннен сатып алынған астық көлемі сонымен қоса өткен жылғы астықтың қалғаны еліміздің алдағы жылға қажеттігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев А. Мамытбековтің осы пікірімен келісетіндігін жеткізді.
«Мен астықты сатып алуды аяқтау шараларын қолдаймын. Себебі, қазіргі кездегі астық көлемі толықтай жеткілікті. Атап айтқанда, артық астық көлемі қалыптасуда», - деп атап өтті Ө. Шөкеев.
Осы орайда Ө. Шөкеев меморандумдарға түзетулер енгізіп, бұл астық көлемін мақсатты орындау тұрғысында жауапкершілікті жергілікті атқару органдарына белгілеуді ұсынды. «Себебі, «Азық-түлік корпорациясы» астығының нанның арзандауына емес, керісінше пайдакүнемдік мақсатында басқа бір нарыққа баратын кейбір фактілер кездесіп жатады»,- деп атап өтті Үкімет басшысының бірінші орынбасары.