«ҚазАгро» Ұлттық холдингі таяу уақытта қосымша 1 миллион тонна астық сатып алады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро», «Азық-түлік корпорациясының» жұмысы нәтижелі болғанына тоқталған Үкімет басшысы, «атап айтқанда олар барлық шаралар бойынша икемділік танытып, қосымша 1 миллион тонна астық сатып алуға қосымша қаржы ресурстарын таба алды. Алдағы жылы да тиісті қаржы ресурстары бөлінетін болады», деді.
«ҚазАгро» басшысы Асылжан Мамытбековтың айтуынша, облигациялар шығару жолымен ішкі қор нарығында қарыз алу қарастырылған.
«Бірақ, ішкі нарықта қарыз алу облигацияларын орналастырғанға дейін біз екінші деңгейлі банктен қысқа мерзімге қарыз алу туралы келістік. Жалпы, бұл бағыттағы пайыздарды қабылдауға болады», деді холдинг басшысы. Осы қаржының есебінен жақын арада 1 миллион тонна астық сатып алу жоспарланып отыр.
Оның сөзіне қарағанда, еліміздің барлық аймақтарында астықты теңдестірілген түрде сатып алу үшін «ҚазАгро» бидай алқаптарының егіс көлеміне сәйкес облыстар арасында квотаны анықтап алуға ниетті.
Сөз соңында Премьер-Министр «ҚазАгро» холдингінің бюджеттен тыс нарықта қаржы ресурстарын тарту үрдісін оң бағалады.