«ҚазАгроҚаржы» АҚ сыйақы ставкаларын 7 пайызға төмендету үшін өтінімдер қабылдай бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАгроҚаржы» АҚ кредит/лизинг шарттары бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау үшін клиенттерден өтінімдер мен құжаттар қабылдай бастады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарланды.
«Бағдарлама талаптарына сәйкес, айналым қаражаттарын толықтыруға және негізгі құралдар сатып алуға, құрылысқа арналған кредиттер бойынша, сондай-ақ технологиялық жабдықтар мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелері жылдық 7 пайызға төмендейді. Сонымен қатар, мал шаруашылығы және жем-шөп шаруашылығы салаларында техника мен жабдықтар сатып алуға жасалған шарттар бойынша пайыздық мөлшерлеме 10 пайызға төмендетіледі.
Бұл ретте қарыз алушыда кемінде 50 мал басы немесе жем-шөп дақылдарын өсіру үшін пайдаланатын жер телімдерінің болуын растайтын құжаттар қажет болады. Осының өзі жем-шөп өндірісін, жалпы еліміздің аграрлық секторын дамыту мақсатындағы мемлекеттің елеулі қолдауы болып табылады», делінген баспасөз баянында. Айта кетейік, субсидиялар Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде беріледі. Субсидия берудің толығырақ талаптары, тапсырылатын құжаттар, өтінімдерді қабылдау және шешім қабылдау тәртіптері «Кредиттер, сондай-ақ технологиялық жабдықтың және ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» 2014 жылғы 25 қарашадағы №9-1/613 ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген.