«ҚазАгроҚаржы» компаниясының басшысы Н. Мәлелов Атырауда құлаған жылыжайға қатысты түсініктеме берді

АСТАНА. 17 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Нұрлыбек Мәлелов журналистермен брифинг өткізіп, Атырауда құлаған жылыжайға қатысты түсініктеме берді.

«ҚазАгроҚаржы» компаниясының басшысы Н. Мәлелов Атырауда құлаған жылыжайға қатысты түсініктеме берді

«Кейінгі кезде бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтыла бастаған «АтырауАгроӨнімдері» шаруашылық қожалығын «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы қаржыландырған. Оған қажетті қаржы ұлттық қордан емес, 2008 жылдың қаржысынан бөлінді. Жоба бойынша «ҚазАгроҚаржы» Розметов мырзаның өзі көрсеткендей 500 миллион емес, 202 миллион теңге төледі. Тағы 50 миллион теңгені жылыжай салдырып жатқан азаматтың өзі төледі», - деді Н.Мәлелов.

Оның сөзінше, жылыжайға қажетті дүниелерді тасымалдаушының «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы өкілдерінің кеңесі негізінде таңдап алынғандығы шындыққа сәйкеспейді. «Өйткені «АтырауАгроӨнімдері» компаниясы берген өтініш пен бизнес-жоспар бар.  Онда құрылғыларды әкелуші анық көрсетілген және Розметов мырзаның қолы қойылған. Істің ақ-қарасын анықтау қажет болса біз бұл құжаттарды да көпшіліктің назарына ұсынамыз»,-деді «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының басшысы.  

Бұдан әрі ол осы оқиға бойынша қазіргі таңда қалыптасқан жағдай жөнінде баяндады. Оның сөзінше, түріктердің «Озтопрак» компаниясы мен лизинг алушы «АтырауАгроӨнімдері» арасында  келісім жасалған. Сонымен қатар «АтырауАгроӨнімдері» мен «ҚазАгроҚаржы» компанияларының арасында қаржы лизингі туралы келісім де бар. Бұл келісімге сәйкес, «ҚазАгроҚаржы» қажетті құрылғыларды жеткізуі қажет болатын. Ал «АтырауАгроӨнімдері» құрылыс жұмыстарының дайындығы мен кешенді іске қосу ісіне жауап беруі қажет еді. Бүгінгі таңда қажетті құрылғылар орнатылған, ал лизинг алушы құрылыс жұмыстарына дайындықты қамтамасыз ете алмады.

Осы ретте «АтырауАгроӨнімдері» компаниясы мен мердігерлік компания арасында арнайы келісім бар екендігін айта кету керек. Лизинг беруші осы оқиға бойынша тиісті шаралар қолданып отыр. Нақтырақ айтқанда, аталмыш компания қазір түріктердің «Озтопрак» компаниясын сотқа берді. Ал «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының пайдасына шешілген сот қаулысы дипломатиялық арналар арқылы Түркияға жіберілді. Бұған қоса «ҚазАгроҚаржы» ұжымының басшылары Владимир Розметовке аталған істі бірлесіп жүзеге асыру жөнінде ұсыныс жасаған, алайда ол бұл бастамадан бас тартқан. Сонымен қатар, «АтырауАгроӨнімдері» компаниясына жылыжай құрылысын аяқтап, оны пайдалануға беру үшін жеңілдікті ставкалар негізінде қаржыландыру шарасы ұсынылды. Бұл ұсыныс та аяқсыз қалды. Қазіргі таңда жылыжай кешенінің құрылғылары В.Розметовке  берілген.  

Брифингте Н.Мәлелов жылыжай кешенінің ақаулары бар екендігін айтты. Өйткені мердігерлер құрылғының іргетасын қалау кезінде қателіктер жіберген.