«Қазагромаркетинг» АӨК субъектілерінен инвестициялық субсидиялау бойынша өтінімдер қабылдауды бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазагромаркетинг» АҚ агроөнеркәсіп кешені (АӨК) субъектілерінен инвестициялық субсидиялау бойынша өтінімдер қабылдауды бастады. Инвестициялық субсидиялау елімізде биыл алғаш рет «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Бұл туралы «Қазагромаркетинг» АҚ-ның баспасөз қызметінен хабарлады.
Инвестициялық субсидиялау бағдарламасының операторы ретінде «Қазагромаркетинг» АҚ инвесторлардан өтінімдер қабылдайды. Өтінім қабылдау және бағдарлама бойынша түсіндіру жұмыстары компанияның облыстық өкілдіктері негізінде жүргізіледі.
Бағдарламаға сәйкес Қазақстан Республикасында инвестициялық салынымдарды жүзеге асыратын агроөнеркәсіп кешен субъектісі болып табылатын жеке және заңды тұлғаларға инвестициялық субсидиялар төленеді. Инвестициялық субсидиялар инвесторлардың Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешеніндегі жаңа өндірістік қуаттар құруға немесе жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге, оның ішінде техника мен жабдықтар сатып алуға бағытталған шығындарының бір бөлігін өтейді.
Инвестициялық субсидиялар инвестициялық жобаны іске асыруға кеткен шығындардың 20-дан 80%-ға дейінгі үлесін өтеуге бағытталған.
Инвестициялық субсидиялау ҚР Үкіметінің 2014 жылдың 29 сәуіріндегі №421 қаулысымен бекітілген Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстарының бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау қағидалары негізінде жүзеге асырылады.
«Қазагромаркетинг» АҚ-ның (Астана, Алматы ққ., облыс орталықтары мен 160 ауданда орналасқан) аймақтық желісі мен сall-орталығының негізінде (8 800 080 70 80 нөмірі бойынша) ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін инвестициялық субсидиялауға қатысты түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған (Қазақстан бойынша стационарлық және ұялы телефондардан қоңырау шалу тегін).