«Қазағы аз спорт түрлеріне қаракөздерімізді қалай тартамыз?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 19 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 19 тамыз, жұма күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қазағы аз спорт түрлеріне қаракөздерімізді қалай тартамыз?» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Федерация Кеңесі Комитетінің мүшесі, ТМД ПАА байқаушылар тобы үйлестірушісінің орынбасары Вадим Густов бастаған ТМД ПАА-ның Парламент Сенаты депутаттары сайлауын байқау жөніндегі делегациясын қабылдады», - деп жазады ел газеті «Егемен Қазақстан». Басылымның атап өтуінше, Парламент жоғары палатасының депутаттарын сайлау мониторингіне қатысқаны үшін ТМД ПАА миссиясына ризашылығын білдіре келіп, Сенат төрағасы «Достастық елдері депутаттарының тарапынан Қазақстандағы сайлауды байқау жақсы дәстүрге айналды»,-деді. Мақала «Әзірлікке оң баға берілді» деген тақырыппен жарық көрді.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Шетелдерде кадр­лар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның мәжілісі болып өтті. «Үстіміздегі жыл­дың 4 шілдесі мен 5 тамызы ара­лығында жүргізілген конкурс­тық іріктеудің қорытындысы бойынша «Болашақ» халық­ара­лық стипендиясын тағайындау үшін республикалық комиссия қарауына 577 үміткердің өтініші енгізіліпті. Оның ішінде көптеген үміткер қаржы, құқық, эко­но­ми­ка, мұнай-газ ісі саласына қатыс­ты мамандықтарды таңдауға құ­лық­ты екендігін байқатқан. Со­ны­мен қатар, ақпараттық технологиялар мен жүйелер; байланыс желілері және коммуникация жүйелері; көп каналды телеком­му­никациялық жүйелер; радио байланыс; радио хабарламалар және телевизия мамандықтары жастардың қалауы екендігін көр­сетіп отыр», - депті жиын барысында Қ.Саудабаев. Мақала «Сапалы білім - салиқалы шешім жемісі» деген тақырыппен берілген.

***

Қазақстанда қарттар үйі, оның ішінде қарттар үйіне тапсырылып жатқан қариялар, ал оның ішінде қазақ ата-әжелерінің қатары көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Кеңестік кезеңде орнығып, кейін Батыстан бап алып жатқан дәстүр бұл. Әйтпесе қазақ халқында әке-шешені ешқашан шет қақпаған, олардың орны әрдайым төр болатын. Осы орайда алматылық ардагерлер үйінің тұрғындары «ата-анасынан бас тартқан балалар айыппұл не алимент төлесін» деген ұсыныс тастап отыр. Қоғамға түскен жегі құрт жайлы «Айқын» газетіндегі «Ата-анасын аялай білмегендер айыппұл төлесін...» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. «Обалы не керек, елімізде қарттарға қамқорлық жасалмай жатыр деуге болмайды. Жаңа заманға лайық қарттар үйлері салынып, олардың өз бос уақытын пайдалы да қызықты өткізуіне жағдай жасалуда. Дегенмен бұл құбылыстың өзі дұрыс емес екендігін жасыруға болмайды», - деп жазады басылым.

***

«Шекарадан шу шықпасын». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жарық көрген мақалада үстіміздегі жылдың өткен айларында еліміздің мемлекеттік шекарасын бұзуға әрекет жасаған 18 мыңнан астам адамның жолына тосқауыл қойылғандығы жайында баяндалған. Сонымен қатар қазақстандық шекарашылар талмай жүргізіп келе жатқан маңызды іс-шараның бірі, ол - шетел валютасы мен қымбат бағалы асыл заттардың контрабандалық жолмен сыртқа шығарылуына батыл тосқауыл қою. Мысалы, осы жылдың өткен жарты жылы ішінде жауынгерлер шекарадан заңсыз асырылмақшы болған 606 мың долларды және жалпы құны 570 мың АҚШ долларын құрайтын салмағы 14 келі алтын әшекей бұйымдарын тәркіледі.

***

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, Ыстамбұлда Ислам ынтымақтастық ұйымы атарушы комитетінің төтенше отырысы өтті. ИЫҰ Сыртқы істер министрлер кеңесінің төрағасы - ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың төрағалығымен кезектен тыс тәртіпте бас қосқан ислам елдері өкілдері Сомалидегі гуманитарлық дағдарысты еңсеру һәм елдің келешек саяси ахуалын саралауға жиналған. «Рамазан айындағы сауапты шараға негізделген алқаның нәтижесі жаман емес. Мұсылман елдері аштан қырылудың алдында тұрған Смали халқына гуманитарлық жылу ретінде 350 млн АҚШ долларын жинады», - деп жазады басылым. Мақала «ИЫҰ Сомали қасіретін еңсеруге 350 млн доллар аударады» деген тақырыппен берілген.

Шыны керек, кейде қазақтың қара домалақтары тек бокс, футбол және күрес түрлерін ғана серік ететіндей көрінетіні жасырын емес. Осы спорт түрлерінен ғана қазақ балаларын жиі кездестіреміз. Ал басқа спорт түрлрін алып қарасақ, бәрінде де өзге ұлт өкілдері оза шауып жүр. Сонда қалай, қазақ балалары жеңіл атлетикаға, спорттың қысқы түрлеріне, суда жүзуге бейім емес пе? Міне осы жайттың сырын ашуға талпыс жасаған «Алаш айнасы» газеті жұма күнгі санында «Қазағы аз спорт түрлеріне қаракөздерімізді қалай тартамыз?» деген тақырыппен мақала жариялады.

***

«Бүгін біздің республикамызда Парламент Сенатының депутаттарын сайлау өтеді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Готовность №1» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, бұл күндері күшейтілген режімде жұмыс істеп жатқан Орталық сайлау комиссиясында сайлауды байқауға келген миссия өкілдерімен бірқатар кездесу өткен. Кездесу барысында ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Қазақстанның сайлауға 100 пайыз дайын екендігін мәлімдеген.