«Каzахи» командасы: Сангаджи Тарбаев бізге жақсы жиен болып тұр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейлік КВН жұлдызы әрі тележүргізуші Сангаджи Тарбаев биылғы маусым айында «Каzахи» командасының жанында болып, КВН-ның Жазғы кубок ойындарына дайындалуға көмектескен. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында «Каzахи» командасының мүшесі Мәлік Хасенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бізге Сангаджи Тарбаев көмектесті. Өздеріңіз білесіздер, Сангаджи қазаққа жиен болып келеді, оның анасы Орал жерінен. Жалпы, ол біздің ортақ досымыз, осы орайда елордаға анасымен, зайыбымен және ұлымен келді»,-деді М. Хасенов.
Оның сөзіне қарағанда, С. Тарбаев бір ай бойы «Каzахи» командасының жанында болып, дайындық процесіне араласты.
«Оның отбасы елордада қыдырып жүрді, Сангаджи біздің жанымыздан табылды»,-деді Мәлік Хасенов.
Өз кезегінде команда мүшесі Санат Шапашов Сангаджи Тарбаевтың анасы өткен бір айды Қазақстанда өткізгеніне ерекше қуанышты болғанын жеткізді.
«КВН шоу-бизнес екені белгілі. Ешбір команда авторсыз жұмыс істемейді. Атап айтқанда, өнімнің сапасы жоғары болуы үшін авторлар тартылады. Сондықтан Сангаджи қазақтардың да, ресейліктердің де ділін жақсы білгендіктен, ол объективті баға беруге қауқарлы маман»,-деді С. Шапашов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада алғаш рет КВН ойындарының Жазғы кубогы өтті. Үздік көңілді әрі тапқыр командалар елордада бас қосты - «Азия MIX», ресейлік Камызяк аймағының құрамасы, «Город Пятигорск» және «Каzахи». Қазылар алқасының құрамына Михаил Галустян, Валдис Пельш, Сергей Светлаков, Екатерина Стриженова, Юлий Гусман, Семён Слепаков, сондай-ақ алғаш рет Байғали Серкебаев енді. Жүргізуші Александр Васильевич Масляков болды.
Астананың нышаны «Бәйтерек» түріндегі бас жүлде - Кубок жеті жыл өткен соң сахнаға толық құрамда өнер көрсеткен «Каzахи» командасының ойыншыларына бұйырды. Айта кетейік, Көңілділер және тапқырлар клубының ойындарына 15 жыл бойы қатысқан қазақстандық команда алғаш рет жүлдеге қол жеткізіп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, биыл көктемде Сангаджи Тарбаев «ҚазАқпарат» агенттігіне сұхбат берген болатын.