«Каzахи» КВН түлектерінің Сочидегі кубогына қатысады - Нұрлан Қоянбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Каzахи» командасы КВН түлектерінің Сочидегі кубогына қатысады. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында команда мүшелері мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әрине, біз тұтас маусымға бармаймыз, себебі қиындау болады. Біз КВН-ның туған күніне жыл сайын барамыз. Осы жолы бізді ресми түрде алдағы жылы өтетін Сочидегі түлектер кубогына шақырды. Атап айтқанда, бізге қала тарапынан қолдау бар, сондықтан да команда ретінде осы ойынға қатысуға дайынбыз»,-деді сауалдарға жауап беру барысында команда капитаны Нұрлан Қоянбаев.
Осы орайда ол аталған ойынға Көңілді тапқырлар клубының ең мықты деген командалары қатысатындығын атап өтті.
«Бұл ойынға кіл мықтылар келетіндіктен өте қызықты болады деп күтілуде. Яғни оған «Уральские пельмени», «Пятигорск», «Утомленные солнцем» секілді командалар қатысады, сондықтан біз осы тарихи ойынға баруға әзірміз»,-деп түйіндеді сөзін Нұрлан Қоянбаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада алғаш рет КТК-2017 жазғы кубогы өтті. Үздік көңілді әрі тапқыр командалар елордада бас қосты - «Азия MIX», ресейлік Камызяк аймағының құрамасы, «Город Пятигорск» және «Каzахи». Қазылар алқасының құрамына Михаил Галустян, Валдис Пельш, Сергей Светлаков, Екатерина Стриженова, Юлий Гусман, Семён Слепаков, сондай-ақ алғаш рет Байғали Серкебаев енді. Жүргізуші Александр Васильевич Масляков болды.
Астананың нышаны «Бәйтерек» түріндегі бас жүлде - Кубок жеті жыл өткен соң сахнаға толық құрамда өнер көрсеткен «Каzахи» командасының ойыншыларына бұйырды. Айта кетейік, Көңілділер және тапқырлар клубының ойындарына 15 жыл бойы қатысқан қазақстандық команда алғаш рет жүлдеге қол жеткізіп отыр.