Қазақ әдебиеті жаһандық филология ілімі назарында

Бақсақ, бүгінгі жаһандану кезеңінде ұлттық маңдай құндылығымыз «өнер алды - қызыл тіл» мәселесі Еуразия кеңістігінде, атап айтқанда, Санкт-Петербург, Мәскеу, көне Тула, Саратов, Челябинск, Башқұртстан, Якутия, Липецк, Орхон университеттері, Алтай, Қытай өлкесінің санап шығу мүмкін емес ғылыми орталықтары ортасынан табылуы - елең еткізерлік жаңалық. Конференцияға Бақыт Кәрібаева қазақ ақыны Жұмекен Нәжімеденовті ұсынған екен. Мәтін мәселесі көбінесе прозаға тән десек, ғалым назарына неге лирик ақын ілінгендігі туралы ғалым: «Жұмекен - тоқырауға ұшыраған қазақтың тіл-әдебиет, құнар қойнауын ашатын алтын кілт іспетті. Екіншіден, ол - біздің замандасымыз. Әдебиетті тарих емес, талант жасайды десек, қазіргі қазақ әдебиетінің әлемдік деңгейдегі көлемін Жұмекенмен өлшесек, еш қателеспейміз. Жұмекен олай болса, экспортқа шығатын ұлттық брэнд емес, қазақ жазба әдебиетінің мәуелі жемісі, нақты көрсеткіші», - дейді. Әлемдік әдебиеттану үдесінен шығып, қазақ әдебиетінің бәсекеге қабілеттілік танытуы - кездейсоқтық емес. Ғалымның ұзақ жылдарғы табанды еңбегінің, үздіксіз ізденісінің жемісі. Бұған дәлел - қазақ мерзімді баспасөзіндегі кесек-концептуалды мақала-зерттеулері. О бастан-ақ зерттеу нысанасын қазақ әдебиеттануын әлемдік деңгейде көре білген ғалым «Танымға трафарет жат» деген концепциясын» сонау 2002 жылдарда айтқан болатын («Қазақ әдебиеті». 26.04.2002 ж.). Одан бергі онжылдықта қазақ-түркі жазба әдебиетінің діңгектері: Ғ.Мүсірепов, Ш.Айтматов, С.Сейфуллин, Т.Әлімқұлов, С.Мұратбеков, т.б жайлы тың зерттеу ой-пікірлері бүгінгі қазақ әдебиеттануының көтерілген әлемдік биігінен көрініп келе жатыр. Сол сияқты қазақ әдебиеттануының бүгінгі өзекті мәселелеріне сыни сараптамалары өз алдына (Мәселен, «Қазақ әдебиеті пәнінің болашағы қандай?» атты мақаласының әлі сиясы кеппегендей актуалды деңгейде тұр. «Түркістан» газеті. 26.06. 2008 ж.).
Конференцияға өзек болған Жұмекен Нәжімеденов «мәтінін түсіндіру» мәселесі алғаш «Ана тілі» басылымының 12.01.2011 жылғы санында «Жан-Жұмекен» атауымен жарық көрді. Осы замандық қазақ филологиясы сапа мен тиімділікке дөп келетін болғандықтан, бұл мақаланы «Мысль» №6, 2011 ж., «Простор» №11, 2011 ж. сандарында орыс тіліне аударып жариялады. Келесі кезекте Б.Кәрібаеваның «жұмекентануына» сілтеме де орыс тілінде жасалды. Мәселен, Людмила Шашкова «Казахстанская правда» газетінің 2012 жылғы тамыз айында «Гимн авторы Жұмекен Нәжімеденов жайлы» арнайы мақала жазып, оның ғылыми танымына байланысты сілтеме жасады.
Г.СЫДЫҚОВА