Қазақ агротехникалық университетінде «Алғашқы студенттік күз» дәстүрлі байқауы мәреге жетті

АСТАНА. Қазанның 4-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Өткен сенбі күні Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің бірінші курс студенттері арасында өткен «Алғашқы студенттік күз» дәстүрлі байқауы үлкен гала-концертпен аяқталды.
None
None

«Алғашқы студенттік күз» байқауы университет қабырғасында осымен 13 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Байқаудың басты мақсаты - 1 курс студенттерін бір-бірімен етене таныстыру, олардың арасынан белсенді де таланттыларды анықтап, ынталандыру.

Үш күнге созылған өнер додасына 8 факультеттен барлығы 600-ге жуық бірінші курс және оларды концертке дайындаумен айналысқан 400-ге жуық жоғары курс студенттері қатысты.

Байқаушылар «ән-би» жанрында, қазақтың ұлттық және заман ағымына сай әуендер мен билерді ұсынса, «аспазшы» жанрында жеке және оркестр болып домбыра, жетіген, дауылпаз, сылдырмақ сынды аспаптарда өнерлерін көрсетті. «Мәнерлеп оқу» сайысында авторлық және танымал ақындардың өлеңдерін, сондай-ақ биыл 53 жылдығын атап өтіп отырған Аграрлық университетке өз арнауларын жолдады. «Көңілділер мен тапқырлар» ұтқыр әрі ұтымды қалжындармен көрермендерді күлкіге бөлесе, «таңғалдырарлық жанрында» жастар, сабынды көпіршіктер шоу-бағдарламасын, пародияларды, акробатикалық және тағы да басқа өнерлерін ортаға салды.

Қазылар алқасының төрағасы, оқу орнының Тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Александр Майердің айтуынша, бұл білім ордасына түсетін студенттердің арасында талапты әрі талантты жастардың саны жылдан жылға артып келеді және олар «Алғашқы студенттік күз» байқауында қазылар алқасын өздерінің өнерлерімен шынайы таң қалдырады.

Ең үздік шыққан нөмірлер гала-концертке таңдап алынып, оның барысында жеңімпаз факультеттер жарияланды. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды - энергетика, екінші орынды - экономика және үшінші орынды жерге орналастыру факультеттері иеленді.

Айта кетейік, үстіміздегі қарашада қалыптасқан дәстүр бойынша Конгресс-Холл сарайында осы жастарды студенттер қатарына қабылдау салтанаты өтеді.

Соңғы жаңалықтар