Қазақ агротехникалық университетінде «Студенттер қатарына қабылдау» рәсімі өтті

Бұл іс-шара - С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Студенттер қатарына қабылдау» салтанаты. «Қазақстан» концерт залында өткен рәсімде бірінші курс студенттерін құттықтаған университет ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев олардың студенттік өмірлерінің қызықты да мәнді өтуіне тілектестігін білдірді. Университет басшысы студенттік билеттер табыстап, өткен оқу жылының қорытындысы бойынша «Ең үздік куратор» атанған техникалық факультетінің ұстазы Оразбай Сапаровқа атаулы сыйлық тапсырды. «Ең үздік факультет» атағын иеленген Экономика факультетіне (деканы А.Исмаилова) атаулы кубок табыстады. ҚазАТУ студенттерінің арасында өткізілген «Жаңа ұрпақ» конкурсының жеңімпазы атанған Сүлеймен Рахматуллаға да естелік сыйлық берілді.
Биылғы кеш бағдарламасының аясында «Ғасырдан ғасырға» прологы орындалып, қазақ елінің өткен тарихынан сыр шерткен «Алтын адам дәуірі», «Сақ қыздары мен қазақ жауынгерлері», «Арманда кеткен арыстар», «Сәкен Сейфуллиннің ұрпағына аманаты» атты әсерлі сахналық көріністермен жалғасты.
Осы орайда айта кетерлік жайт - С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ағымдағы жылы республика бойынша иеленген мемлекеттік білім беру гранттары бойынша алғашқы үштікке еніп, 1 324 гранттық орынға ие болса, оның 1 313-і конкурстық негізде, 11 грант халықаралық келісім-шарт негізінде алынған. Бұл туралы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің баспасөз қызметінен хабарлады.