Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Елбасының Жолдауын студенттерге насихаттауда

АСТАНА. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Айтбай Бұлашев Елбасының «Дағдарыстан – дамуға» атты Жолдауында көтерілген мәселелерді кеңінен баяндап беру үшін студенттер қауымымен кездесті,

Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Елбасының Жолдауын студенттерге насихаттауда
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Президентіміздің биылғы Жолдауын егемен еліміздің тарихындағы ерекше оқиға ретінде қарастыруға болады. Аталмыш құжат әлемдік дағдарыстың әсерін сезіне бастаған халқымыздың көкейінде жүрген көптеген сұрақтарына, күпті ойларына толық жауап беріп, еліміздің қиын-қыспақтан абыроймен шығатынына сенімімізді нығайта түсті. Мемлекет басшысы дағдарыстың әсеріне қарамастан әлеуметтік төлемдер, бюджеттік қызметкерлердің жалақысы мен студенттердің шәкіртақыларын ұлғайту жөніндегі мемлекет міндеттемелері толығымен орындалатынын баса айтты», - деді ол. Сондай-ақ А.Бұлашев бүгінгі дағдарыс кезінде орын алып жатқан жұмыссыздық мәселесіне тоқталып, осы орайда Елбасы, әкімдер мен министрлерге бұл мәселені қатаң қадағалауға алуды, жұмыссыз қалғандарды өңірлік еңбекпен қамту немесе оқу орындарының негізінде керекті мамандықтар бойынша қайта даярлауды тапсырғанын жеткізді. Осы мақсатқа кем дегенде 140 млрд теңге бөлініп, 350 мыңнан астам отандастарымызды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. «Ауылшаруашылығын дамытып, ел экономикасын жеделдетіп, бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолындағы Мемлекет басшысының осы жолғы Үндеуінің әлеуметтік маңызы ерекше. Дағдарыс кезінде ел экономикасының тиімді дамуына кедергі келтіретін мәселені шешуге бағытталған бағдарламалардың тиімді, нақты жолын көрсетіп берді», - деді ректор.Өз кезегінде студенттер Елбасының ЖОО-да білім алып жатқан студенттерге 11 мың грант пен 40 мың несие бөлу туралы шешімі, экономикалық дағдарыстың өрши бастаған қазіргі тұсында ата-анасы жұмыссыз қалған немесе тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың балаларына көрсетілген үлкен қамқорлық деп түсінетіндерін және Президенттің жастарға деген бұл сенімін барынша ақтауға тырысатындарын жеткізді.