Қазақ агротехникалық университетінің студенттері «Болашақ» халықаралық стипендиясы туралы жан-жақты хабардар болды
АСТАНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегі,
ҚР Білім және ғылым министрлігі Халықаралық бағдарламаларды іске асыру басқармасының бастығы Ақерке Абылайхан С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жүздесуде Елбасының «Болашақ» стипендиясына тағайындалу талаптары мен шарттары сөз болды. «2004 жылға дейін «Болашақ» стипендиясы 785 адамға тағайындалды, ал 2005 жылдан бастап олардың саны 3 мыңға дейін көбейді. Жалпы алғанда, 2005 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 4447 адам стипендия иегері атанды. Дәл қазір 27 елдің ең үздік 425 жоғары оқу орнында 2677 адам білім алуда», - деді А.Абылайхан. Сонымен бірге ол «Болашақ» стипендиясына тағайындалу талаптарына тоқталып өтті. Бұл орайда аталмыш жоғары оқу орнында ілінген «Болашақ» стипендиясы туралы ақпарат-стенді ескіргендігін ескерте кетті. Бүгінгі таңда әртүрлі жеңілдіктер мен өзгерістер енгізілген. «2008 жылғы маусымның 11-інде қабылданған ережелерге сәйкес үміткердің жасына шектеу қойылмаған, ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі қажет емес. Бар болғаны, мектеп бітіру туралы аттестат 4,5 баллдан төмен болмауы тиіс. Сондай-ақ ауыл балаларына арнайы квота енгізіліп отыр. Бірақ талаптарға сәйкес олар елге оралғаннан кейін қай аймақтан жіберілді, сол жерде 5 жыл қызмет етуі тиіс», - деп атап өтті А.Абылайхан. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының 2005 жылғы халыққа Жолдауында айтылған «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің санын арттыру жөніндегі бастамасын іске асыру мақсатында ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясына байқау өткізуді ұйымдастыру үшін 2005 жылғы сәуірдің 4 -інде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы құрылды. Аталмыш мекеме стипендия алуға ниетті адамдардың барлығына қажетті ақпарат беріп, оларды байқауға қабылдаумен, қажетті құжаттарды рәсімдеумен айналысады. ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы туралы толық ақпаратты осы орталықтың www.edu-cip.kz сайтынан білуге болады.