Қазақ ақпарат агенттігі араб қаріпті төте жазу және француз тілінде сайт ашуды жоспарлап отыр

АНА. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін Қазақ ақпарат агенттігінің баспасөз орталығында агенттік сайтының жаңа дизайнының таныстырылымы өтті. Агенттіктің жаңа дизайны қыркүйектің 1-інде іске қосылған болатын.

Қазақ ақпарат агенттігі араб  қаріпті  төте  жазу  және француз тілінде сайт ашуды жоспарлап отыр

Бас қосуда  «Контентті жетілдіру, оны жаңарту агенттік жұмысын жетілдіру бойынша холдинг тарапынан жүргізіліп отырған алғашқы қадамдардың бірі», деп атап өтті «Арна Медиа» ұлттық ақпараттық холдингі» АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Қайсар Жанаханов.

Баспасөз конференциясында «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Дәурен Дияров  агенттік Веб-сайтының мүмкіндігі мол заманауи портал деңгейінде жаңғыртылғанын, сонымен қатар араб графикасын пайдаланып, қазақ тілінде хабар тарату жоспарланып отырғанын және ол таяу арада жүзеге асырылатынын атап өтті. Оның айтуына қарағанда, жазуында кирилл әліпбиі қолданылатын біздің елдің  жаңалықтарын Қытайдағы қазақ жұрты тегіс оқи алмайтындықтан, ондағы қандастарымыз Қазақстаннан жететін ақпаратқа зәру. Төте жазу үлгісімен жаңа сайт шығаруды қолға алған Қазақ ақпарат агенттігі осы бастамасымен Қытайдағы қандастарымызбен арада  ақпараттық көпір орнатпақ ниетте. Бұдан кейін француз тілінде сайт ашу көзделуде.

Агенттіктің қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде және латын әліпбиімен қазақ тілінде шығатын сайттарының жалпы дизайны өзгертіліп, ол оқырманға қолайлы, көрнекі әрі тартымды сипат алды. Агенттік сайтының жаңа дизайнымен бірге ҚазАқпарат өз тұтынушыларына мүлде жаңа өнімдерін де ұсынды.

Атап айтқанда, ҚазАқпарат бүгінгі таңда  өзінің тұрақты оқырмандары мен серіктестеріне ақпаратты мейлінше оңтайлы әрі тиімді жеткізу, тарату тұрғысынан бірегей технологиялық мүмкіндіктер ұсынып отыр.

Соның біріншісі - инфографика.  Инфографика - көрнекі құрал болғандықтан,  оқиғаны, жаңалықты жедел қорытуға мүмкіндік береді. Өйткені, көрнекі кескін мен суретті сандар қашан да қабылдауға оңай, түсінуге жеңіл. Сондықтан, ҚазАқпарат түрлі статистикалық мәліметтерге, көрнекі құралдарға сүйенген инфографикалық өнімдер шығаруды қолға алды. Түрлі маңыздағы жекелеген оқиға-жаңалықтарды инфографикамен безендіруге кірісті.

ҚазАқпарат ұсынған екінші жаңалық - аймақтар картасы.

«Аймақтар» деп аталатын айдарды жетілдіре отырып, Агенттігіміз іс жүзінде жаңа өнім, яғни әр облыстың жеке жаңалықтар сайтын жүргізу деңгейіне шықты. Бұрын еліміздің 14 облысына қатысты жаңалықтардың бәрі ортақ айдар - «Аймаққа» топтастырылып келсе, ендігі уақытта облыстарға қатысты жаңалықтар жеке -жеке жинақталып, әр облыстың әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігін дербес көрсететін болды. Мысалы, тінтуіріңізді біздің сайттың «Аймақ» айдарына жанастырсаңыз, алдыңыздан Қазақстанның географиялық картасы ашылады. Осы картадан өзіңізге қажетті облысты түртсеңіз сол аймаққа қатысты барлық жаңалықтарды таба аласыз. Мұны сондай-ақ картаның төменгі жағындағы облыстардың тізімінен таңдау арқылы да істеуге болады. 

ҚазАқпарат алдағы уақытта осы айдар бойынша әр облысқа қатысты бөлімдерді  сол аймақтың тарихына, басшылары мен олардың түрлі бастамаларына қатысты толыққанды ақпараттармен, суреттермен толықтырып отырмақ.

Республикалық басылымдарға шолу. ҚазАқпарат ұсынған жаңа өнімдердің бірі - баспасөзге шолу. Республикалық басылымдарға жасалатын осы шолуда  ҚазАқпарат тілшілері әр газеттің сол күнгі нөмірінде жарық көрген аса маңызды жаңалықтар мен мақалаларға қысқаша назар аударуға тырысады. Бұл жоба бірінші кезекте, министрлер мен әкімдерге, мемлекеттік қызметшілерге, бизнес өкілдеріне, сондай-ақ жалпы тұтынушыларға бағытталғандықтан,  сол мерзімді басылымдарға деген қызығушылықты тудырып, оқырмандар қатарын көбейтуге септігін тигізеді. Екінші жағынан, шолудың орыс тіліне де аударылатындығы себепті ол қазақ баспасөзінде қозғалған келелі мәселелердің орыс тілді аудиторияға да жетуіне ықпал етпек.