Қазақ анимациясының негізін қалаушы Әмен Қайдардың туғанына – 100 жыл
Ескерткіш мемориалға гүл қойылып, жиналғандардың назарына аниматор еңбектерінің цифрландырылған нұсқасы көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Іс-шараға отандық анимация ардагерлері мен қазақ анимациясының дамуына елеулі үлес қосқан мәдениет қайраткерлері қатысты.
Әмен Қайдардың тырнақталды туындысы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі болатын. Халық ертегісі әлемнің 50-ге жуық елінде көрсетілді. Ленинградтағы 3 Бүкілодақтық кинофестивальдің лауреаты, мультфильмдер кинофестивалінде құрметті орынға ие болды. Әмен Қайдардың сондай-ақ, танымал анимациялық жұмыстары қатарында «Ақсақ-құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр - құрылысшы», «Күн шағылысы», «Сиқырлы кілем» бар.
Шара барысында аталған мультфильмінің цифрландырылған нұсқасы көрсетіліп, Әмен Қайдардың жеке құжаттары мен заттары қойылған көрме ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, қазақ анимациялық кино өнерінің атасы Әмен Қайдардың туғанына бір ғасыр, яғни 100 жыл толуына орай «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінде ҚР Мәдениет министрлігінің тапсырмасымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Әмен ағаның бәйтерегі» атты қысқаметражды мультфильмінің алғашқы көрсетілімі өтті.