Қазақ асханасы Женевада Michelin мейрамханасында таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM – Женевада «Даланың саяхаты» жобасы аясында қазақ асханасын Еуропа жұртшылығына таныстырған «Дала мен таулар» атты гастрономиялық кеш өтті.

в
Фото: Туризм және спорт министрлігі

4 қыркүйекте ұйымдастырылған кеш Michelin жұлдызына ие Bayview мейрамханасында өтті. Бір асүйде Qazaq Gourmet брендінің бас аспазшысы Артём Канцев пен Еуропаның танымал әрі жоғары марапаттарға ие бас аспаздарының бірі Мишель Рот бас қосты.

Мишель Рот – беделді Bocuse d’Or байқауының жүлдегері және Франциядағы кәсіби шеберліктің жоғары атақтарының бірі Meilleur Ouvrier de France иегері.

Кешке арнайы Артём Канцев қазақ асханасына тән өнімдер мен дәстүрлі дәмдерді заманауи гастрономиялық тәсілмен үйлестірген мәзір әзірледі.

– Мәзірге жабайы өрік қосылған дала бөкенінің паштеті, бауырсақ пен түйе қуырдағы, «Құрттың төрт өмірі», сондай-ақ Ұлы даланың хош иістерімен үйлескен Шымкент қозысы енді, – делінген KazakhTourism таратқан ақпаратта.

«Дала мен таулар» кеші бұған дейін Париж бен Лиссабонда ұйымдастырылған халықаралық гастрономиялық шаралар сериясының жалғасы болды.

Жобаның мақсаты – заманауи қазақ асханасын халықаралық аудиторияға таныстырып, ұлттық гастрономия арқылы Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрін дәріптеу.

Айта кетейік, Астанада түркі халықтарына ортақ тағамдар жаңартылды.