Қазақ балалар баспасөзі жаңа басылыммен толықты
АЛМАТЫ. 18 наурыз. ҚазАқпарат - Алматыда «Вундеркинд KZ» деп аталатын балалардың танымдық журналы жарық көрді. Қазақ, орыс тілдерінде айына бір рет шығатын жаңа басылымның бас редакторы Светлана Оспанова.
«Таныс, біл, ойлан, жатта, оқы, жаз» деген ұранмен өмірге келген журнал балаларға энциклопедиялық білім беруді көздейді. Оны тұрақты оқып, жинап жүрген оқырманның әрдайым өзінің білімі мен дүниетанымын үздіксіз жетілдіруге мүмкіндігі бар.
«Журналдың әр санында біз әлемді шарлап, түрлі мемлекеттерге саяхат жасаймыз. Әр ел туралы қызықты жайттарға қанық болып, әлем ғажайыптарымен таныстырамыз. Олар - «Әлем ғажайыптары», «Жиһангез», «Кім болам?», «Құрмет тақтасы», «Әдептілік мектебі», «Сіз білесіз бе?», «Ойна да, ойла!» деген сияқты айдарларға топтастырылады», - деді С. Оспанова.
Жаңа басылымға тілекші болып, жүрекжарды лебізін білдірген белгілі журналист Саясат Бейісбаев: «Аты айтып тұрғандай «вундеркинд» өте ерте жастан бәрін біліп, зерек болып өскен, өз қатарынан оқ бойы озық туған бүлдіршін. Басылымды парақтап, оқып шыққан бүлдіршіннің ой-өрісі кеңеейіп, санасы тереңдей түсеріне, зерделі боларына күмән жоқ. Ақыл-ойдың кенішіне айналатын, сан алуан тақырыптарды қаузайтын бұл басылым әлі-ақ көптеген балалардың сүйікті журналы болары кәдік», - дегенді айтады.