Қазақ балалары Ұлыбританияда ұлттық құндылықтарымызды насихаттады

None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Ұлыбритания мектептерінде Ұлттар күні аталып өтіп жатыр. Оқушылар сыныптастарына өз мемлекеттері туралы ақпарат беріп, салт-дәстүрлерімен таныстырып жатыр. Ата-анасымен Лондонда уақытша тұрып жатқан қазақ балалары да осындай бір шараға қатысып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлыбритания мектептеріндегі оқу жылы шілденің аяғында ғана бітеді. Соңғы тоқсандағы айтулы шаралардың бірі - Ұлттар күні.

Бұл күні оқушылар таңертеңнен ұлттық киімдерін киіп, сыныптастарына туған жерлері туралы ақпарат береді.

Сабағы аяқталған соң аулаға шығып, ата-аналарымен бірге дастархан жаяды.

«Бауырсақ? Дәмі ерекше екен. Рақмет. Маған қатты ұнады. Бұрын-соңды мұндай ғажап нан жеп көрмедім. Ұлттық киімдеріңізді көріп те тәнті болдым», - дейді Сомали азаматы София Хасан.

Кәусар мен Алмасбек - ата-анасының жұмыс бабымен Лондонда уақытша тұрып жатқан қазақстандық балалар.

Олар Хью-Миддлтон атындағы бастауыш білім беру мекемесінде бесінші және алтыншы сыныптарда оқиды.

Мектебіндегі жалғыз қазақ ұлтының өкілдері. Ағайындылар «Балапан» телеарнасынан шығатын «Мисс Кәусар» хабарының жүргізушілері.

Көгілдір экраннан қазақ балаларына ағылшын тілін үйретсе, Лондондағы шетелдіктерге туған жерін насихаттап жүр.

«Ұлттық киімдеріңіздің матасы мен ою-өрнегі өте ұнады. Дәстүрлеріңізді тамаша дәріптейді екенсіздер. Мен бұған дейін елдеріңізде ешқашан болған жоқпын. Бірақ Қазақстанның алманың отаны екенін және бұл жеміс түрін бүкіл әлемге таратқан мемлекет екенін білемін», дейді Ангола азаматы Хелена Мело.

Ұлыбритания - көпұлтты және нәсілді мемлекет. Мұнда негізінен ағылшын, шотланд, ирланд және уэльс халқы мекендейді.

Олардан бөлек бұрынғы отар мемлекеттерінен қоныс аударғандардың ұрпақтары және осында жұмыс бабымен келгендер тұрады.

Тілі, діні және дәстүрлерінің сақталуына ерекше мән беріледі.


Соңғы жаңалықтар