«Қазақ балаларының 14 пайызы орыс мектебінде оқиды» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 14 ақпан, жұма күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
«Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингке Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов және Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Ғалым Оразбақов қатысып, теңге бағамының өзгеруіне байланысты өз салаларында қолға алынған шаралар жайын баяндады», деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» газеті.
«Теңге бағамының өзгеруіне байланысты халық тұтынатын негізгі тауарларға, мұнай өнімдеріне және ауылшаруашылық өнімдеріне бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жөнінде ел Үкіметі министрлерге бірқатар маңызды міндеттер жүктеп, шұғыл тапсырмалар берген болатын. Бүгінде соған орай, әрбір ведомство тиісінше жұмыс атқаруда», - делінген басылымның бүгінгі санында жарияланған «Баға бұғауланады» атты материалда.
«Егемен Қазақстан» газетінде «Затымыз өзгерді. Атымыз өзгереді» атты көлемді мақала жарияланды. Бұл материалда «Қазақстан» және «Қазақ Елі» атауларының этимологияларына жіті тоқталады.
«Атырауда сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің атауында Орталық Азияның басқа елдеріндегі сияқты «стан» деген жалғау бар екеніне назар аударды. Президенттің әбден көз үйреніп кеткен көріністерге де тосыннан қарай алатын бөлекше қасиеті осы тұста тағы бір танылды. Былайынша, елдің атауы әбден-ақ көкейге қонымды. «Стан» жалғауы мемлекет құрушы ұлтқа қосылған тұста сол елдің аты шыға келетіні бесенеден белгілі емес пе? Ауғанстан десе ауғандардың елі, Өзбекстан десе өзбектердің елі, Түркіменстан десе түркімендердің елі, Тәжікстан десе тәжіктердің елі, тиісінше Қазақстан десе қазақтардың елі. Әйтсе де... Енді осы жалғаудың жайына аз-кем тоқталайық», - деп жазады мақала авторы Сауытбек Абдрахманов.
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Қазақ балаларының 14 пайызы орыс мектебінде оқиды» деген атпен өзекті мақала жарық көрді. Онда Білім және ғылым министрлігінің тіл төңірегіндегі жұмысы тәптіштелген. Газеттің келтірген мәліметтері бойынша, елімізде 8764 балабақша мен шағын орталықтың 64,4 пайызы қазақ тілінде жұмыс істейді. Қазақ тілінде оқытатын мектептер 1051-ге көбейген. Оқушылардың 65 пайыздан астамы қазақ тілінде, қалған 35 пайыздың 31,7 пайызы орыс, 3,8 пайызы - өзбек, ұйғыр, тәжік және неміс тілдерінде оқиды екен. Ұлты қазақ балалардың 86,7 пайызы және басқа ұлт өкілдерінің 34 084 баласы қазақ тілінде білім алуда. Ал қаракөздеріміздің 14 пайызы орыстілді мектептерде оқып жүр. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында 718 колледждің 145-і ғана таза қазақ тілінде білім береді. 573 колледж екі тілде, 131 колледж орыс тілінде оқытады. ЖОО-дағы студенттердің 58 пайызы қазақша оқиды.
«Осы деректерден қазақ тілінің бүгінгі ахуалы мен болашағын бағамдауға болады. Тәуелсіздік алғанына 23-ші жылға аяқ басқан біздің ел үшін бұл мақтанатын дерек емес, әрине», - делінген материалда.
«Түркістан» басылымында «Байқоңыр» ғарыш айлағы және осы кешен төңірегіндегі әңгімелерді бір мақалаға топтастырған. «Талғат Мұсабаев: Арманым - Қазақстанды ғарыштық державаға айналдыру» атты мақалада қазір Қазақстан қоғамында ең көп талқыланып жатқан тақырыптың бірі де, бірегейі талқыға салынды.
«Ақпарат құралдарындағы сұхбатында Талғат Мұсабаев осы өмірде өзіне қажеттінің бәріне қол жеткізгенін, тек Қазақстанның ғарыштық бағдарламаларын жетілдіріп, оның ғарыштық державаға айналғанын армандайтынын айтады. Ол 2007 жылға дейін Қазақстанда ғарыш саласына байланысты ешқандай жұмыстардың қолға алынбағанын жасырмаған екен. Содан бергі жеті жыл ішінде Қазақстан ғарыш саласында Ресеймен арадағы келіссөздерді қайта қарауда алғашқы қадамын биыл жасады. «Байқоңыр» қаласы бойынша үкіметаралық деңгейде Жол қартасын қабылдау - әріптестік қарым-қатынастарды дамытудағы зор қадам», - делінеді мақалада.