Қазақ баласы екі жыл қатарынан IMO алтын медалін жеңіп алды
Аталмыш мектептің үш оқушысы Қазақстан құрамасында Таиландта өткен Халықаралық математика олимпиадасына (IMO) аттанып кеткен болатын. Өткен жылы осы олимпиаданың алтынын жеңіп алған Ахан Исмаилов биыл екінші рет жеңісін қайталап, екі дүркін чемпион атанды.
Аса беделді осынау олимпиадада екі жыл қатарынан алтын алған қазақ баласы бұрын болмаған. Және осы мектептің оқушысы Олжас Қадыракунов күміс медаль, ал Ален Абдрахманов қола медальмен марапатталды, деп жазады «Егемен Қазақстан».
Оның алдында биылғы 5-12 шілде аралығында Үндістанда 86 елден 382 оқушы қатысқан 46-шы Халықаралық физика олимпиадасы (IPhO) өткен болатын. Сол жарыста Қазақстан командасы бір алтын және бір қола медаль жеңіп алса, алтын медальді Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) оқушысы Дәулет Құрмантаев иеленіп еді. Ал 4-16 шілде аралығында Таиландта өткен 56-шы Халықаралық математикалық олимпиадасына (IMO) әлемнің 104 елінен 600-ге жуық оқушы қатысқан. Қазақстан командасы 1 алтын, 1 күміс және 2 қола - барлығы төрт медальді жеңіп алып, Қазақстан командасы әлемдік білім додасында 25-ші орынға тұрақтады. Нәтижесінде дарынды қазақ балалары әлемнің алдыңғы қатарлы университеттеріне шақырылып, білім гранттарын жеңіп алған.
Енді Ахан Исмаилов Гонконг Ғылым және технология университетіне, Олжас Қадыракунов Оңтүстік Кореядағы ең үздік университет саналатын Сеул Ғылым және технология университетіне қабылданған.
Сол сияқты бүгінгі күндері, яғни 20-29 шілде аралығында Әзербайжанда химия пәнінен 47-ші Халықаралық олимпиада (IChO) өтуде. Қазақстан командасының құрамында РФММ-ның10-сынып оқушысы Арнұр Макенов бар. Өз рекордын өзі жаңартып отыратын мектептің соңғы 10 жылда 6 түлегі АҚШ-тағы Массачусетс технологиялық институтына өз күштерімен қабылданған.
Осылайша Республикалық физика-математика мектеп-интернаты түлектері әлемдегі ең жетекші оқу орындарына түскен еліміздегі бірден бір көшбасшы мектеп болып тұр.
Сол сияқты «Физматтың» Есет Жүсіпов пен Ниджат Джавадов дейтін екі шәкірті INTEL ISEF-те, яғни Дүниежүзілік оқушылардың ғылыми және инженерлік жетістіктерінің жарысында төртінші орын алған. АҚШ-та өткен бұл байқауға биыл 77 мемлекеттен 1658 оқушы қатысып, оған Нобель сыйлығының лауреаттары мен жетекші университеттердің профессорлары қазылық еткенін, жүлде қоры 4 миллион АҚШ доллары екенін ескерсек, онда бұл табыстың орны көрінеді. Қысқасы, дүниежүзі бойынша бұл жарыста 16 елдің ғана оқушылары медаль алып келеді. Ал «Физмат» оқушылары бес жылдан бері жүлдеге ілігіп, екінші жыл қатарынан екінші орынды ұстап тұр.