Қазақ баласын қазақ тілінде оқытуға үлкен назар аудару қажет деген сөзден іске көшетін кез келді - А.Бижанов
АСТАНА. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - «Тілдің қоғам өміріндегі орны мен рөлінің айрықша аталып көрсетілуі оның егемендікті нығайту факторының бірі екендігін байқатады.
Өз азаматына мемлекеттік тілде білім беріп тәрбиелеген елдің іргесі мен тірегі мықты болатындығы ешкім күмән келтірмейтін қағида», дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов.
Сенатор бұл пікірін бүгін елордадағы Президенттік мәдениет орталығында өтіп жатқан тіл туралы заңның қабылданғанына және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 20 жыл толу құрметіне арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтты.
«Тілді отбасының күнделікті өмірінде қолданылатын тіл деңгейінен көтеру қажеттілігін түгеліміз дерлік түсінген шығармыз. Қазақ баласын қазақ тілінде оқытуға үлкен назар аудару қажет деген сөзден іске көшетін кез келді. Бұған қоса елдегі басқа тілде оқытатын мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу деңгейіне Үкімет пен мүдделі министрлік тарапынан көңіл бөлінуі тиіс», дейді А.Бижанов.
Оның айтуынша, 2010 жылдан бастап барлық мемлекеттік органдар өз құжаттарын мемлекеттік тілде жүргізетін болады. Бұл бүгін талқыға түсіп жатқан мәселені жаңа сапалы деңгейге шығарады. Сол себептен, отандық ғылым мен технологияларды дамытуға және нарықтық экономикаға сай, аса қажетті қазақ терминдерінің базасын қалыптастыру қажеттігі туындап отыр. Бұл күнделікті қолданыста тілдің пайдалану аясын кеңейтіп қана қоймай, тілдің бай әлеуетін дұрыс пайдалануға жағдай жасайды.
Осы орайда, Сенатор «өз тарапымнан, Парламент депутаттары бұл бағыттағы жұмыстың қарқынды бола түсуіне, көздеген шаралар мен жұмыстарды қолдауға дайын екендігін жеткізгім келеді. «Тіл тағдыры - ел тағдыры» деген ұғым мемлекетте жүргізіліп жатқан реформалардың барлығына қатысы бар. Сондықтан сіздердің ұсыныстарыңызды қабылданып жатқан заңдарда да болсын, бекітіліп жатқан бюджетте де болсын қолдап отырамыз», деді.