Қазақ балеринасы өнерімен Лондон көрермендерін тамсандырды
Ол «Роден» қойылымында басты кейіпкерді сомдап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Театр жетекшісі Борис Эйфман басты рөлді орындайтын әртісті сырттан алғаш рет шақырып отыр, деп хабарлайды khabar.kz.
«Қазақ балетін сүйер қауым мен «Астана Опера» басшылығы маған көрсеткен құрметіне, сый-сыяпатына жауап ретінде мен Әйгерімді шақырдым. Ол айрықша дарын иесі, нәзік болғанымен, өте жігерлі», - дейді хореограф Борис Эйфман.
«Роден» балеті - Эйфман театрының репертуарындағы жаңа қойылымдардың бірі. Көркем шығармада ұлы мүсінші Огюст Роден мен оның жас шәкірті Камилла Клодельдің қайғылы өмірі баяндалады. Шынайы сезімді көзі қарақты көрерменге жеткізуде бас кейіпкерлерге артылатын жүк ауыр. «Астана Опера» бишісі Әйгерім Бекетаева өзіне артылған міндетті абыроймен алып шығып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
«Мен бақыттымын. Бар өнерімді салып билеуге тырыстым. Борис Эйфманның театры құрамында, Лондон сахнасына шыққаныма өте қуаныштымын. Мен үшін бұл үлкен құрмет, өлшеусіз тәжірибе мен мансап», - дейді «Астана Опера» театрының балеринасы Әйгерім Бекетаева.
«Өте керемет балерина. Қозғалыс пластикасы ерекше. Қуаныш пен қайғыны, естен адастыратын махаббат сезімін би арқылы жеткізе білу - үлкен өнер. Сахнадағы үстемдігі сөзсіз. Қазақ балетінің өкілі осындай болса, оның болашағы зор екені шүбәсіз», - деп жылы лебізін білдірді лондондық көрермендердің бірі Эндрю Фармер.
Айта кетейік, бұл балет Нью-Йорк, Париж, Мәскеу, Будапеш қалаларында үлкен жетістікпен қойылған еді. Әйгерім «осындай қойылымдарға қатысу тәжірибе жинақтап қана қоймай, одан да үлкен белестерге ұмтылуға жол ашады», дейді. Енді ол Ресейдің белгілі хореографы Юрий Григоровичтің осы маусым айына белгіленген «Спартак» спектакліндегі рөліне дайындалмақ.