Қазақ балуандар Лондон төрінде Олимпиада жүлдесі үшін жарыс жолдарын бастайды

74 келі салмақ санатында белдесетін балуанымыздың алғашқы айналымдағы қарсыласы 2010 жылғы Еуропа чемпионы беларусь Александр Кикинов. Асхат Ділмұхамедов 1987 жылы дүниеге келген. Дәулет Тұрлыхановтың күрес мектебінде жаттығады. Ол 2011 жылы Ыстамбұлда өткен әлем чемпионатында бесінші орынға табан тіреп, Лондон олимпиадасының лицензиясын еншілеген болатын.
Ал ертең үш балуанымыз боз кілемде белдесетін болады. Олар: Алмат Кебісбаев, Даниял Гаджиев, Нұрмахан Тінәлиев. 60 келі салмақ санатында тұманды Албион елінің боз кілеміне Алмат Кебісбаев шығады. 1987 жылдың 12 желтоқсанында Шығыс Қазақстан облысының Ұржар ауданында дүниеге келген бұл балуанымыз қазіргі уақытта елорда атынан өнер көрсетеді. Ол Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, жеңімпазы, Иван Поддубный атындағы Гран-придің чемпионы, Мәскеуде өткен әлем чемпионатының күміс, Ыстамбұлда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Ал 84 келі салмақ санатында ел намысын қорғайтын Даниял Гаджиев Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында туған. Ол да Дәулет Тұрлыхановтың күрес мектебінде жаттығады. Лондон лицензиясын елордада өткен азиялық турнирде ұтып алған болатын. 120 келі салмақ санатында Нұрмахан Тінәлиев ел намысын қорғайды. Жамбыл облысының Шу ауданында дүниеге келген ол әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері. Мәскеу және Ыстамбұлда өткен әлем чемпионаттарында қола жүлдені қанжығалаған. Гуаньчжоуда өткен Азия ойындарында чемпион атанған.
7 тамызда 66 келіде Дархан Баяхметов белдесуге шығады. 1985 жылы дүниеге келген Дархан Азия чемпионы, Венгрияда өткен Гран-придің жеңімпазы, Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы. Ол елордада өткен Азиялық лицензиялық турнирде Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салған болатын.
8 тамызда белдесуге қыздарымыз Жұлдыз Ешімова (48 кг) мен Елена Шалыгина (63 кг), ал 9 тамызда - Гузель Манюрова (72 кг) шығады.
Ал еркін күрес шеберлерінің боз кілемдегі жан алып, жан беріскен белдесулері 10 тамызда басталады. Осы күні Дәулет Ниязбеков (55 кг) пен Абдулхәкім Шапиев (74 кг) өз бақтарын сынаса, келесі күні Ермек Байдуашев (84 кг) пен Дәулет Шабанбай (120 кг) Олимпиада жүлдесі үшін бедеседі. Ал 12 тамызда Ақжүрек Таңатаров (66 кг) пе Таймураз Тигиев (96 кг) боз кілемде айқасады.
Бүгін Лондондағы балуандар белдесуі Астана уақыты бойынша 18:00-де басталады. Ал жүлделі орындар үшін айқастар түн ортасына қарай өтеді. «Хабар» арнасының тікелей көрсетілімдері сағат 22:45-те басталып, 01:15-ке дейін жалғасады.