Қазақ баспасөзіндегі шоқтығы биік басылымдарды зерттеуге қаражат қол байлау болып отыр - Н.Омашев
АСТАНА. 15 сәуір. ҚазАқпарат /Кенжекей Тоқтамұрат/ - Жалпыұлттық деңгейге көтерілген «Айқап» журналы әлі толық зерттелмеген, ал «Қазақстан» газетінің беті мүлде ашылмай жатыр.
Бұл туралы Еуразия ұлттық университетінде аталмыш екі басылымның 100 жылдығына орай өтіп жатқан республикалық конференцияда Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Намазалы Омашев айтты.
«Айқап» журналы мен «Қазақстан» газетінің бағыттары бір болды, екеуі де ұлттық құндылықтарды дәріптеді, халықтың сауатын ашуды, бірлікті мақсат тұтты. Алайда жалпыұлттық деңгейге көтерілген «Айқап» журналы әлі толық зерттелмесе, «Қазақстан» газетінің беттері мүлде ашылмай жатыр деуге болады», - деді ол.
«Қазақ баспасөзіндегі шоқтығы биік басылымдарды зерттеуге қаражат қол байлау болып отыр. Кезінде «Алаш көсемсөзінің» 10 томдығын шығаруды қолға алып, Мәдениет министрлігіне жоба дайындап ұсынғанымызда, қажетті қаражат бөлінген еді. Кейін министрлікте болған өзгерістерге байланысты қаражат тендрге салынып, ақыр соңында толық мақсатқа жұмсалмады. 20-шы ғасырдың басындағы басылымдарымыз ел аумағынан тыс қалаларда басылып отырған, сондықтан өзге елдің мұрағатын ақтару қажет. Ал бұның барлығы қыруар қаражатты талап етеді», - дейді Н.Омашев.
Н.Омашевтың айтуынша, қазір өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы басылымдарды зерттеу бойынша үлкен жоба дайындалу үстінде.
Сондай-ақ профессор осы зерттеулерді ғылыми айналымға енгізу мәселесіне де тоқталып өтті. Оның бірінші тәсілі - зерттеулерді кітап етіп шығару.
Конференция барысында сондай-ақ мерзімді баспасөздің қалыптасуы мен даму бағыттарының зерттелуі, БАҚ-тағы адами құндылықтар және елдік мүдде мәселелері талқылану үстінде.