Қазақ басылымдарының қатарына «Қазақ спорты» газеті қосылды

АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат - Наурыз айының соңғы күндері қазақ басылымдарының қатарына «Қазақ спорты» газеті қосылып, спорт десе «ішкен асын жерге қоятын» жанкүйерлер үшін, спортшылар үшін қуанышты болды.
None
None

Аптасына бір рет, сейсенбі күні жарық көретін басылымның бас редакторы - белгілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбек. Ал құрылтайшысы «Жарыс» аймақтық қоғамдық бірлестігі. Таралымы 10 мың дананы құрайтын басылым «Астана полиграфия» АҚ-ында басылады.

Басылымның бір ерекшелігі, ел спортының кемшіліктері мен жетістіктерін, жеңілістері мен жеңістерін саралайтын «Таразы» айдарының болуы. Бұл айдар тек қана өлшем құралына ғана айналмай, спортшының намысын оятып, күш-қайратын, жігерін жанитын қайраққа айналғанын қалаймыз. Тағы бір ерекшелігі - «Мен қазақпын!» айдары. Бұл бөлімде тағдырдың жазуымен жұмыр жердің әр қиырында тұратын қазақ саңлақтары туралы сыр шертеді. Сонымен қатар басылымның еліміздің спортта үздік жетістіктерге жетіп, әлемді ауызына қаратқан саңлақ спортшыларын үлгі-өнеге тұтқан «Топжарған» айдары да бейнеті мол спорт жолындағы жеткіншектерімізге демеу, бағдар болатындығы анық.

Ендеше, «Қазақ спорты» газетінің жазары таусылмасын, әлемдік жарыстарда жүлделі орындарға іліккен спортшыларымыз жайлы сүйінші хабарлар легін спорт жанкүйерлеріне, оқырманға жеткізе берсін деп тілейік.

Соңғы жаңалықтар