Қазақ басында орын алған аштықты саясиландыруға қарсымыз, алайда ендігі жерде үнсіз қалуға тиіс емеспіз- А. Смайыл
АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақ басында орын алған аштықты саясиландыруға қарсымыз, алайда ендігі жерде үнсіз қалуға тиіс емеспіз.
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Алдан Смайыл кеңес дәуірінде қолдан ұйымдастырылған ашаршылық құрбандарын еске алатын ұлттық күнді белгілеу жөнінде мәселе көтеріп, Үкімет басшысының атына сауал жолдаған болатын. Осыған орай, журналистерге берген сұхбатында А. Смайыл ашаршылық мәселесін саясиландыруға қарсы екендігін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстандағы ашаршылық аса ауыр жағдайда өтті. Кейбір деректер бойынша 1,5 млн., кейбірінде 3 млн.-ға тарта адам 1922-32 жылдар аралығында аштан қаза болды. Шындығында да, бұл Кеңес одағының аз ұлттарға жасаған, қолдан ұйымдастырған қастандығы болатын», деді депутат.
Оның айтуынша, Еуропа Кеңесі Парламенті Ассамблеясы қабылдаған қарарда бұндай адам айтқысыз нәубетті еске алу күнін белгілеу, арнайы зерттеулер жасау қажеттігі атап көрсетілген. Тіпті Еуропа кеңесі ПА депутаттары Қазақстанға келіп, осы мәселені арнайы зерттеуге ниет танытыпты. Өйткені, адамзат тарихында мұншалықты ауқымдағы қолдан ұйымдастырылған нәубет болмаған көрінеді.
«Біз осы мәселеге тиісті назар аударуымыз керек. Оның үстіне осы ұлы нәубет қазақты үлкен демографиялық, моральдық апатқа ұшыратты. Ал бұндай ұлт басындағы зобалаң ұмытылмауы керек. Дегенмен де, біз бұл мәселені саясиландырғымыз келмейді. Өйткені, өтер дүние өтті, кетті. Бұған жауап берсін деген талабымыз жоқ. Бірақ, біз өзіміз сол жылдары қайтыс болған азаматтарымыздың рухын құрметтеуге тиіспіз. Бұл азаматтық, перзенттік, керек болса ұлттық парызымыз», деді депутат.
Оның айтуынша, Кеңестер одағы әрі сол аштықты ұйымдастырған коммунистік партиясы тарап кеткендіктен, қазіргі таңда оның ресми мұрагері қалып отырған жоқ. «Ендігі біздің міндетіміз сол аштық мәселесін өз тарихымыз үшін, өзіміз білуіміз үшін толық қайта зерттеу әрі оны жыл сайын атап өту», деді А. Смайыл.