Қазақ білім ордалары «Конфуций институтын» ашуға неге асық? - У. Қалижан

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Білім және ғылым министріне сауал жолдаған депутат Уәлихан Қалижан, ел өңірлерінде жөн-жосықсыз ашылып жатқан «Конфуций институтына» байланысты мәселе көтерді,

Қазақ білім ордалары «Конфуций институтын»  ашуға неге асық? - У. Қалижан
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Республикалық «Айқын» газетінде «Ақтөбеде Конфуций институты ашылды» деген ақпарат жарияланды. Бағзы заманның ұлы тұлғаларын дәріптеу мен ұлықтау керек-ақ болар, бірақ оның артында не жатыр деп, ойға қалдық. Сөйтсек, ҚХР Шыңжаң экономика және қаржы университетінің жетекшілігі мен Ақтөбе Педагогика университеті ректоры уағдаластық жасап, қытай тілі мамандығы бойынша түлектерді қабылдауға келісіпті әрі олар тегін оқытылатын көрінеді. Ақпаратқа сүйенсек, студенттер бір жыл Ақтөбеде қалған үш жыл Қытайда оқып, Конфуций институтын тамамдағаны жөнінде диплом алады екен. Әрине, Қытай біздің көршіміз, стратегиялық әріптесіміз. Бірақ, қазақ өздігінен ел аман, жұрт тынышта қытайлана бере ме?!», -деді депутат. Оның айтуынша, елімізде қытай тілін даярлайтын арнаулы жоғары оқу орындары баршылық. Ондай алдыңғы қатарлы оқу орындарында да қытай тілін меңгертумен айналысатын Конфуций институты ашылған. Сондықтан да, өңірлерде қытай тіліне тегін оқытады дегенге қуанып филиал ашудың жосықсыз екендігін айтқан депутат, бұл тұрғыда ректорлардың әрекетін сынға алды. «Конфуций айтқан екен: «Әлемді жаулап алу үшін соғыс ашудың қажеті жоқ, ғасырына 1 мм алға жылжысаң болды» деп. Соны аңғармай, қытайдың орамына кетуге қазақ білім ордалары неге асық? Тегін нәрсенің сұрауы да болатынын естен шығармау қажет», -деген депутат, бұл бағытта арнайы зерттеу жасау керектігін алға тартты.