Қазақ боксшылары Феликс Штамм атындағы турнирде бақ сынап жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Польша елінің астанасы Варшавада бокстан Феликс Штамм атындағы халықаралық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бокс федерациясының баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, жарыстың алғашқы күні шаршы алаңға 4 қазақстандық боксшы шығып, екеуі қарсыластарына есе жіберіп жарысты аяқтаса, екеуі қарсыластарының осал тұсын тауып, келесі айналымға өтті.
Айталық, Асланбек Шымбергенов (69 кг) алғашқы кездесуінде поляк боксшысы Максимилиан Гибадлоны айқын басымдықпен ұтса, 56 келі салмақта сынға түскен Ілияс Сүлейменов түрікмен боксшысы Якуб Мередовтан айласын асырды.
Ал 52 келі салмақта Азамат Исақұлов израильдік Давид Алавердянға (2:3) жол берсе, 60 келі салмақта Берік Әбдірахманов ресейлік боксшы Артур Субханкуловқа есе жіберді.
Енді, бүгін күндізгі сессияда (сағат 16:00) Бекдәулет Ибрагимов (64 кг) алғашқы кездесуіне шығады. Кешкі сессияда (22:00) Ержан Жомарт (49 кг), Ілияс Сүлейменов (56 кг) пен Айболды Дәуренұлы (+91 кг) шаршы алаңға шығады.
Ертең Абай Төлеш (75 кг), Әділбек Ниязымбетов (81 кг) пен Антон Пинчук (91 кг) алғашқы жекпе-жектерін өткізеді. Жарыс 16 наурызға дейін жалғасады.
Фото: www.kfb.kz