Қазақ боксшыларының ең ауыр жеңілістері

АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат - Алматыда өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан боксшысы Иван Дычконың ауыр жеңілісі бізге ауыр тиді. Жанкүйер жүрегіне ауыр тиген жеңілістер біздің бокс тарихында аз емес. «Аламан» назарларыңызға қазақстандық боксшылардың ірі турнирлердегі ауыр жеңілістерін еске алды.

Қазақ боксшыларының ең ауыр жеңілістері

1994 жыл. Азия ойындары. Хиросима (Жапония)

Василий Жиров ширек финалда күтпеген жерден кореялық Ко-Ионг Сумнан ұтылып, жарысты аяқтады. Болат Ниязымбетов те жартылай финалда пәкістандық Усман Улах Кханға жол берді.

1998 жыл. Азия ойындары. Бангкок.

Мараз Мәзімбаев жартылай финалда өзбек Тимур Туляковтан ұтылды.

1999 жыл. Әлем чемпионаты (Хьюстон)

Мұхтархан Ділдәбеков әлемдік сынның финалына шығып, сол жерде түрік Синан Самим Саннан жеңілді.

2000 жыл. Олимпиада ойындары. Сидней

Екі рет әлем чемпионатының финалында ұтылған Болат Жұмәділов өкінішке орай Сиднейде де күмісті қанағат тұтты.

2006 жыл. Доха (Катар). Азия ойындары.

Аса ауыр салмақ Мұхтархан Ділдәбеков Азиада финалында өзбек Рустам Саидовтан ұтылып, күміс медальды қанағат тұтты. Мұхтархан өзбектен 2002 жылғы Азия ойындарының финалында да жеңіліп қалған еді. Мұхтарханның Саидовтан екі Азиада финалында жеңілуі қазақ жанкүйерлеріне соққы болғаны анық.

2009 жыл. Әлем чемпионаты. Милан (Италия)

48 келідегі үмітіміз Әділет Қапезов америкалық Мигуэль Картагенадан 28:4 есебімен ұтылып, бірінші айналымнан кейін жарысты аяқтады. Осы сында екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиевтің жартылай финалда ресейлік Замковойдан ұтылғаны да жанкүйер жадында.

2010 жыл. Гуанжоу. Азия ойындары.

56 келіде Данияр Төлегенов Бутан елінің боксшысы Сигуэиль Пхубтан күтпеген жерден ұтылып, жарыстан шығып қалды. Осы жеңілістен кейін Данияр іоі халықаралық турнирлерге қатысқан жоқ.

2011 жыл. Баку. Әлем чемпионаты.

69 келіде финалға шыққан Серік Сәпиевтің Тарас Шелестюктен жеңілуі боксшының өзіне де, жанкүйерлеріне де ауыр тиді.

2013 жыл. Амман. Азия ойындары.

Лондонда күміс алған Әділбек Ниязымбетов Азия чемпионатының финалында өзбек Ойбек Мамазулуновтан ұтылып, күміс алды. Ол жеңіске жеткенде Азия біріншілігінен сегіз алтын алар едік.

2013 жыл. Алматы. Әлем чемпионаты.

Иван Дычко финалда әзірбайжандық Могамедрасул Меджидовтан нокдаун алып, есінен танып қалды.