Қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы туралы фильм түсіріліп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы биыл 29 қазанда 100 жасқа келеді. Осыған орай, оның туған өңірі Ақтау қаласында бокстан халықаралық турнир өтеді. Және аталған тұлғаның құрметіне деректі фильм түсіріліп жатыр. Бұл туралы осы фильмнің авторы Серік Ноянбайұлы хабарлады.
Оның айтуынша, Шоқыр Бөлтекұлына арналған деректі фильмнің түсірілім жұмыстары Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында жүргізілмек. Және, аталған фильмдегі эпизод кадрларына танымал боксшы Жанқош Тұраров түседі.
«Бүкіл әлем қазақ боксының құдіретін біледі. Ірі додадаларда ел намысын абыроймен қорғап жүрген боксшыларымыз жетерлік. Ал оларға даңғыл жолды салып берген кім? Әрине, Шоқыр атамыз. Біздің мақсатымыз осы нәрсені аталған деректі фильмде көрсету»,- дейді фильм авторы.
Шоқыр Бөлтекұлына арналған фильм 29 қазанда жарыққа шықпақ.