Қазақ даласында тағы бір Пржевальский жылқысының құлыны дүниеге келді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда Пржевальский жылқысының екінші құлыны дүниеге келді. Бұл жолы Умбра есімді бие құлындады.
Бұл Пржевальский жылқысын тарихи мекеніне қайтару жөніндегі халықаралық бағдарлама аясында Қазақстанда туған екінші төл. Алғашқы құлын 22 тамызда «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы «Әліби» жабайы тұяқты жануарларды реинтродукциялау орталығында дүниеге келген.
Қазір Умбра мен құлын бірге. Мамандар олардың жағдайы мен мінез-құлқын бақылап отыр.
Екінші төлдің дүниеге келуі Қазақстанға әкелінген Пржевальский жылқыларының дала жағдайына бейімделіп, табиғи жолмен көбейіп жатқанын көрсетеді. Бұл алдағы уақытта табиғи ортада өздігінен көбейетін тұрақты популяция қалыптастыру үшін маңызды.
Пржевальский жылқысын Қазақстанға әкелу 2024 жылы басталды. Алғашқы жылы Еуропадан жеті жылқы жеткізілді. 2025 жылы тағы жеті, 2026 жылы сегіз жылқы әкелінді.
Пржевальский жылқысы — Еуразияда сақталған жабайы жылқылардың соңғы түрі. ХХ ғасырда ол жабайы табиғаттан жойылып кеткенімен, хайуанаттар бақтарында сақталып, кейін халықаралық бағдарламалар арқылы табиғи мекеніне қайта жіберіле бастады. Қазақстан да қазір осы түр қайта жерсіндіріліп жатқан елдердің қатарында.
Жоба Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Прага хайуанаттар бағы, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (ҚБСА), Франкфурт зоологиялық қоғамы, Нюрнберг хайуанаттар бағы, Берлин Тирпаркі және «Хортобадь» ұлттық паркінің ынтымақтастығы негізінде, Лейбниц атындағы хайуанаттар бағы мен жабайы табиғатты зерттеу институтының (IZW) ғылыми және ветеринариялық қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.