«Қазақ даласының ертегілері» - Қазақстан мен Чехия арасындағы мәдени көпір
ПРАГА. KAZINFORM – Прагадағы Петршин қалалық кітапханасында чех тіліндегі «Қазақ даласының ертегілері» кітабының тұсаукесері өтті. Қазақ халық ертегілерінің жинағына Ер Төстік батырдың бастан кешкен оқиғалары, Алдар Көсенің қулықтары мен Жалмауыз кемпірдің зұлымдықтары сияқты қазақ фольклорының қазынасында ерекше орын алатын танымал сюжеттер енді. Кітаптың иллюстрациясын Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы жанындағы мектептің және Бехине қаласындағы (Чехия) Өнер колледжінің түлегі – жас қазақ суретшісі Анелия Бекбас салған.
Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев өз сөзінде бұл жобаның Қазақстан мен Чехия арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы маңыздылығын атап өтті. Қазақ дипломаты ұрпақтан-ұрпаққа айтылып келе жатқан ертегілер балаларға өмірлік маңызы бар сабақтар беретінін, қиялдарын дамытып, болашақ ертегішілер мен суретшілерді шабыттандыратынын айтты. Б.Дүйсенбаев бұл жоба Қазақстан мен Чехия халықтарын жақындастырып, достығын нығайтатынына сенім білдірді.
Чех тарапынан қонақтар алдында Прага 6 муниципалды ауданы басшысының кеңесшісі Зденек Хлински сөз сөйледі.
«Бұл ертегілер – тек қана әңгімелер емес, бұл біз үшін Қазақстан мәдениеті, сондай-ақ қазақтардың салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігі туралы көбірек білуге мүмкіндік», - деді Хлински.
Ол халықтар арасындағы қарым-қатынас аясын кеңейтетін осындай мәдени жобалардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Іс-шараға Чехияның мәдениет және білім министрліктерінің, академиялық және мәдени орта өкілдері, сондай-ақ қазақ диаспорасы мен студенттер қатысты.
Кездесудің басты қонақтары – бастауыш сынып оқушылары болды. Олар үшін Қазақстан туралы қызықты таныстырылым ұйымдастырылып, қазақ мультипликаторларының «Шырақ» фильмі көрсетілді. Содан кейін балалар викторинаға қатысып, тапқырлықтарын танытты. Кішкентай қатысушылардың әрқайсысына сыйлыққа ертегі кітабы мен қазақстандық шоколад табыс етілді.
Бағдарлама аясында домбырамен музыкалық шығармалар орындалып, қонақтарға қазақ мерекесінің көңіл-күйіне бөлеген ұлттық тағамдар ұсынылды.
Іс-шара Қазақстан мен Чехия арасындағы мәдени ынтымақтастықтың маңызды оқиғасына айналып, достық қарым-қатынастарды әрі қарай нығайтуға деген зор қызығушылықты көрсетті.