Қазақ драма театрлары бағындырар белестер алда
Бүгінгі күні Қазақстанда 60-тан астам театр бар. Оның көбі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауының арқасында тәуелсіздік алғаннан кейін ашылды. Халықтың рухани өмірінде және елдің даму үрдісінде өнер өте үлкен рөл атқарады. Сондықтан да мәдениет қайраткерлері мен биліктің және қоғамның өзара бірлестігі - өзекті мәселелердің бірі.
Жиында сөз сөйлеген партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин осы саланың үздіксіз дамуы үшін күш біріктіруді ұсынды. Ол Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша мәдениет -партия жұмысының басым бағыттарының біріне айналғанын атап өтті. Себебі, бұл қоғамдық құндылықтар базасын, ұлттық мінез-құлықты қалыптастыратын сала.
Отырысқа қатысушылар Қазақстан театрының бүгінгі ахуалына, әсіресе әртістердің, режиссерлердің, драматургтердің жағдайына баса назар аударды.
«Біз, ең алдымен, қазақ театрының бүкіл әлем білетін өзінің Президентіне, өз еліне лайықты дәрежеде болатын жаңа тұлғалары, жаңа шығармашылық деңгейі туралы ойлауымыз керек», - деді Театрлар қызметі одағының төрағасы, «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі Тұңғышбай Жаманқұлов.
«Нұр Отан» партиясының осындай шара өткізіп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Бұл өте қажет. Соңғы уақытта қазақ драма театрлары көптеп ашылып жатыр, ал оның деңгейі бұрынғыдан да жоғары болу керек. Сондықтан біз бағындыратын белестер әлі алда», - деді С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының директоры Кеңес Жұмабеков.