Қазақ елі - әлемдік рухани қозғалыс бастамашысы - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 15 қазан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 15 қазан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында еліміздің мал шаруашылығы да жаңа тыныспен тыныстап, заман талабына сай жүйелі даму жолына түсе бастағандай. Бұған осыдан бір жыл бұрын Үкіметтің «Қазақстанда ет экспортын дамыту» жөнінде қабылданған бағдарламасы оң әсер етті. Сөйтіп, халықымыздың атакәсібі болып келген, оның үстіне ауыл тұрғындарының басым бөлігі еңбек етіп, өз кәсіптерін ашуға ықылас танытып отырған осы саланы қолдауға мемлекеттен қыруар қаржы бөліну үстінде. Десек те, бұл бағытта өзіндік қиындықтар мен кедергілер де жеткілікті. Етті мал шаруашылығының дамуына қатысты қоғамдық қызығушылықты және әртүрлі пікірлерді ескере отырып, «Егемен Қазақстан» газеті оқырмандардың көкейінде жүрген сұрақтарды Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке қойып отыр. Сұхбат сенбілік нөмірде «Ет бағытындағы мал шаруашылығы - аграрлық сектордың серпінді жобасы» деген тақырыппен берілген.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, қазанның 18-і күні Қазақстанда «Рухани келісім күні» аталып өткелі отыр. Осы күні еліміздің әрбір өңірін қамтитын қайырымдылық акциялары ұйымдастырылмақ. Бұл мереке қарсаңында Бейбітшілік және келісім сарайының «Бесік» залында Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумының Төралқасы жиында бас қосады. Оған форумның тең төрағалары - сенатор, халықаралық «Рухани келісім конгресі» қоғамдық қорының президенті Төлеген Мұхамеджанов, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, КСРО халық артисі Иосиф Кобзон, Аустриялық «Мәдениет арқылы бейбітшілікке - Еуропа» қауымдастығының президенті Вильгельм Августат және басқа да қонақтар қатысады деп күтілуде.Мақала «Қазақ елі - әлемдік рухани қозғалыс бастамашысы» деген тақырыппен берілген.
Қазақстан Президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевты бірқатар қоғамдық ұйым өкілдері «қазақ тілін дамытуға кедергі келтіріп отыр» десе, саясаткер өзін «қазақ тілі - халықаралық тіл деп жүрген жалғыз қазақпын» деп санайды. Осы орайда «Айқын» газеті саясаткерден тілге қатысты бірқатар сауалға жауап алған. «Қазақ тілін басқаша дамытуымыз керек. Бұл жерде менің қандай қатысым бар? Сонда қалай, бір ғана адам - мен Қазақстандағы мемлекеттік тілдің дамуына кедергі келтіріп отырмын ба? Егер маған: «Өз қолыңды шауып тастасаң, ертең барлық он алты миллион, оның ішінде орыстар да қазақша сөйлейді» десе, тіпті ойланбастан өз елім, халқым, болашақ үшін соны жасар едім. Бірақ мәселе онда емес, одан да күрделі екені мәлім», дейді ол. Сұхбат «Қазақ тілі үшін қолымды шауып беруге даярмын» деген тақырыппен берілген.
***
«Интернетті аша қалсаңыз, Қазақстанда өз жынысынан безген міскіндер туралы дерекке көз сүрінеді. Ерлер мен еркекшораларға арналған порталдар мен форумдарға тоқтау болса ше, шіркін? Қайта орыстілді ақпарат көздері солардың құқығын қорғап, сойылын соғып әлек, ал Алматы әлдеқашан «Қазақстан гейлерінің ордасы» аталып кетті», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Көгілдір әлем құпиясы немесе Алматыны гейлер ордасына неге айналдырдық?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, қазақтың бір кездегі бас қаласы енді гейлердің ордасына айналды. Өйткені Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан тәрізді көрші елдердің «қылықтыларының» бәрі кеңқолтық бізді келіп паналайтын көрінеді. Бір ғана Алматыда 100-ден астам клуб бар. Оның қаншасы өз жынысынан безген бейбақтарға тиесілі екенін есептеп жатқан ешкім жоқ.
***
«Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Жапония Парламенті Өкілдер палатасының депутаттары, «Жапония-Қазақстан» достық лигасының мүшелері Такеши Шина, Наокадзу Такемото және Хироши Каваутимен кездесті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, спикер өз сөзінде жаһандық қауіпсіздікті сақтауда маңызды орын алатын ең басты мәселе - ядролық қаруды таратпау жолындағы күресте Жапонияның айрыша үлес қосып келе жатқанын айта келіп, Астана қаласында өткен «Ядролық қарусыз әлем үшін» халықаралық форумының жұмысына белсенді қатысқандары үшін жапондық әріптестеріне ризашылығын білдірді. Ал жапон парламентшілері Қазақ елінің әлемдік қауіпсіздікті нығайтудағы еңбегін жоғары бағалай келіп, аталған форумдағы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан бастамаларына қолдау білдіретіндерін мәлім етті.