«Қазақ елі» кешеніндегі «Болашақ» бедербейнесі мемлекеттің жастарға деген сенімінің белгісі
АНА. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат - Мәні мен мазмұны, келбеті мен көркі толығып, елорданың бетке ұстар сәулет өнерінің біріне айналатын «Қазақ елі» кешеніне жаңадан қосылған композициялардың бірі «Болашақ» деп аталады.
Тәуелсіз елде өсіп, өз тағдырларын өздері жасап, ғылымда, мәдениетте, спортта үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқан қазақстандық жастардың көңілді шақтары нақышталған бедербейне мемлекетіміздің жастар ісін қолдаудағы саясатының айқын көрінісі сипатты.
Расында да тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде жастар ісіне мемлекет көзқарасының оң екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Оған осы кезеңге дейін атқарылған игі істер де нақты дәлел. 2004 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы да осы игіліктердің негізгі темірқазығы десек болады.
Осы орайда, талантты жастардың өзін-өзі көрсетуіне, өнерін дамытуына жол ашатын «Шабыт» фестивалі, жемісті ғылыми, шығармашылық және қоғамдық еңбектері үшін берілетін «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығы оларды қанаттандыратындығы анық.
Сонымен қатар алдағы 3 жылға арналған республикалық бюджеттен 20 млрд. теңге ауылға ат басын бұрған жас мамандарды қолдау мақсатына қарастырылып, «Дипломмен ауылға» атты арнайы бағдарлама да жүзеге асырылып жатыр. Осы ретте ауыл тұрмысын, мәдениетін, экономикасын, көркейтуге мойын бұрған жастарға бір реттік жәрдемақы, тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие, айлық жалақыға 25 пайыздық үстемеақы берілетіндігі де қуантарлық іс.
Демек, Қазақстанның болашағын көркейтуге қосар үлесі мол жастардың бейнесі аталған кешеннен орын алуы да мемлекеттің оларға жасап отырған қамқорлығының, қолдауының, үміт артатындығының, сенімінің белгісі деп білген абзал.