«Қазақ елі» монументі жастардың патриоттық сезімін оятып, еліне деген ыстық сүйіспеншілігін арттыратынына сенімдімін - Астана қалалық ІІД бастығы М.Демеуов
АНА. Қазанның 22-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Күні кеше елорданың негізгі алаңында бас қосқан 70 мыңға тарта қала халқы мен мемлекетіміздің бетке ұстар азаматтары қосымша композицияларымен көмкерілген «Қазақ елі» сәулеттік-мүсіндік кешенінің ашылу салтанатын тамашалаған болатын.
Осы айтулы шараға орай өз ойлары мен пікірлерін білдірген азаматтар баршылық. Солардың бірі Астана қалалық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Демеуов өз ойын былай жеткізді:
«Қазаққа теңдік пен еркіндік, бостандық пен егемендік қалай келгенін сараптайтын болсақ, әрине, ең алдымен қайсар мінезі, қаһармандығы мен батырлығы арқасында келгенін түсінеміз. Ата-бабаларымыз Арқадан Алатауға, Атыраудан Алтайға дейін созылып жатқан ұлан-байтақ жерімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған. Осы ұлан байтақ далада, міне, бүгінгі күні бейбіт ұрпақ өмір сүріп, көшелі көсемімен болашаққа бет түзеп барады. Осы орайда елдігімізді, мемлекеттігімізді әлем жұртшылығына паш етер бірегей сәулет өнеріне қосылған композициялардың біріне «Қаһармандық» деген атау беріп, ат үстіндегі ел қорғаған сарбаздың және қолында автоматы бар жауынгердің елдің шебін күзеткен жиынтық бейнелерін бедерлеу заңдылық.
Кешегі ел қорғаны болған батырлардың орнын шекарамыздың, мемлекетіміздің тыныштығын күзетер жауынгерлерімізбен қатар, ел ішінде халқымыздың бейбіт өмір сүруіне кепіл болатын тәртіп сақшылары басып отыр.
Ағымдағы жылы Қазақстан халқына жолдаған дәстүрлі жолдауында Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бірнеше нақты міндеттер жүктеген болатын. Ол ең алдымен қарапайым тұрғындардың тыныштықта, бейбітшілікте еш алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге байланысты. Осы орайда елордалық ішкі істер қызметкерлерінің мүмкіндігі жетерлік, сонымен қатар оларға мемлекеттік қолдау да жеткілікті. Қазіргі ұрпақ - уайым-қайғысы жоқ, бақытты ұрпақ. Көптеген жастар қолдарына қару ұстап ел қорғаны болуға, қылмыстардың алдын алу үрдісіне өз үлесін қосуға дайын. Бірақ бұл қызмет - шала-шарпы ойланып, шешім қабылдап, орналаса салатын жер емес. Бұл қызметке бару үшін ең алдымен қаһармандыққа бастайтын қайсар мінез, темірдей қатал тәртіпке бағынатын төзімділік, қуғанға жеткізбес ұшқыр ой қажет. Сондықтан біздер сым бойымен сап түзеп, қатарға қосылған сақшылардың көкейіне елдік пен ерлік ұғымын ұялату үшін тер төгудеміз. Әрбір қызметкер иығына таққан пагонды, халықтың сенімін ақтау үшін берілген «жолдама» деп түсінгені абзал. Тек сонда ғана ата-бабаларымыз ғасырлар бойы шөліркеп, аңсаған тәуелсіздіктің, егемендіктің қадір-қасиеті ақталады деп сенемін.
Ал тәуелсіздігіміздің, егемендігіміздің, мемлекеттігіміздің темірқазығы болған Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен ашылған «Қазақ елі» монументі әлі талай жастың патриоттық сезімін оятып, еліне деген ыстық сүйіспеншілігін арттыратынына сенімдімін».