«Қазақ елі» тарихи көпсериялы фильмін түсіруде ешқандай проблемалар жоқ - продюсер А.Әсенов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсіріліп жатқан «Қазақ елі» атты 10 сериялы фильмнің түсірілімдері қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте осы туындының продюсері Арман Әсенов мәлім етті.
«Осы жұмысымыздың барысында ешқандай проблемаларды байқап отырғанымыз жоқ. Ауа райына байланысты кейбір қиындықтар болды, дегенмен біз өзіміздің сүйікті ісімізбен айналысудамыз. Қазіргі кезде түсірілім алаңында 205-300-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Бүгінде 70-ке тарта көріністер түсіріліп болды. Сериалдағы жалпы хронометражы 150 көріністі қамтып отыр», - деді ол. «Қазақ елі» тарихи фильмі алдағы жылдың наурыз айында көрермен назарына ұсынылады деп күтілуде.