Қазақ елінде дүниеге келген идеялардың жаңғырығы Жапониядан да естіле бастады - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Қазанның 23-і. / ҚазАқпарат/ Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 23-і, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Түркия Республикасына ресми сапармен келген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше Түркия Президенті Абдолла Гүлмен кездесті. Елбасы сол күні түрік Үкіметі мен Парламентінің басшыларымен, белгілі партиялардың жетекшілерімен әңгімелесті. Қазақстан басшысы Түркия Парламентінде сөз сөйледі», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Елбасының түрік мемлекетіне жасаған ресми сапары жайында егжей-тегжейлі жазылған көлемді мақала басылымның бүгінгі санында «Түбі бір халықтың тілегі де бір» деген тақырыппен жарық көрген.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының осы сапары жайында «Айқын» газетінің бүгінгі санынан да оқи аласыздар. Осы айтулы сапарға орай «Казахстанская правда», «Литер», «Экспресс К» газеттерінде де мақалалар жарық көрген.
«Егемен Қазақстан» газетінің дәстүрлі «Үкімет» апталығында бірнеше мақала топтамасы жарық көрді. Солардың бірі «Тоғыз айлық қорытынды» деп аталады. Аталған жарияланым «Сонымен үстіміздегі жылдың 9 айлық қорытындысы Қазақстан экономикасының дағдарыспен күреске қабілетті екендігін, алдымызда дамудың үлкен әлеуеті жатқандығын көрсетіп берді. Ендігі басты мәселе ішкі жалпы өнімнің көлемін құлдыратпай, өткен жылмен салыстырғанда өсім деңгейіне қол жеткізу. Бұл жеңіл міндет емес. Бірақ қазіргі болжамдарға қарағанда оның орындалатындығына үміт мол», деп қорытындыланған.
«Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуінің қарсаңында және Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясының өтер алдында Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен қазанның 20-ында Ақордада ҚХА сессиясына әзірліктің барысын және өткізу мәселелерін қараған кеңес болып өтті. Оған Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, орталық және жергілікті атқарушы билік органдарының жетекшілері, ҚХА өкілдері қатысты. Ол жайында газетіміздің өткен санында хабарлаған болатынбыз. Алайда, алдағы өтетін сессияның және ел өміріндегі ҚХА-ның маңыздылығын ескеріп, Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі баяндамасының өзекті тұстарын оқырмандар назарына тарқатып ұсынғанды жөн көрдік», деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы. Баяндаманың өзекті тұстарын «Халық бірлігі - ел басымдығы» атты мақаладан жан-жақты таныса аласыздар.
***
«Саранды дүрліктірген сұмдық оқиға» деген тақырыппен «Айқын» газетінде жарық көрген шағын мақалада Қарағанды облысындағы Саран қаласының жергілікті ішкі істер қызметкері тал түсте әйелін атып, артынан өзінің де атылғаны жайында жазылған. «Кеше осы оқиғаға байланысты Саран қалалық полиция бөлімінің бастығы мен оның орынбасарлары және уақытша қамау абақтысының бастығы лауазымды қызметтерінен босатылды. Полиция басшыларына «қару-жарақтарды пайдалануға қажетті бақылау жасамады, соның салдарынан конвой қызметінің сержанты табелдік қаруын тапсырмастан үйіне кетіп, мұның соңы қайғылы оқиғаға душар етті» деген айып тағылып отыр. Бұл жөнінде Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады», деп жазады басылым.
«Айқын» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Ақ сөйле!» айдарының қонағы - Қазақстанның Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ақылбек Камалдинов. Екеуара әңгіме жапониядағы саяси жүйедегі өзгерістерден басталып, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің 1957 жылы Кеңес одағы делегациясының құрамында жапон еліне жасаған сапарымен түйінделген. Жазушының осы сапары жайында елші «Біз ұзақ іздестіру нәтижесінде жазушының Токио жастары алдында жасаған баяндамасының жапон тіліндегі мәтінін кездестіре алдық. Оны елшілік қызметкерлері жапон тілінен қазақ тіліне аударып шықты. Әуезов баяндамасының бізге жеткен бір бөлігі республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Бұл Әуезовтанудың келесі бір қырын ашуға мүмкіндік беретін, жол ашатын жаңалық деп үміттенемін. Егер осы жайтты тереңдеп зерттесе, Жапон сапары жайлы, Алаш зиялыларына арман болған Жапонияның 20 ғасырдағы тарихи рөлі жайлы біраз деректер табылып қалуы әбден мүмкін», депті. Сұхбат «Қазақ елінде дүниеге келген идеялардың жаңғырығы Жапониядан да естіле бастады» деген тақырыппен берілген.
«Шымкент мұнай өңдеу зауытының басшылары шикізат тапшылығына байланысты жұмысын 1 айға тоқтататынын хабарлады. Қазақ елінде мұнай өңдеумен айналысатын зауыт бар болғаны 3-еу ғана», деп жазады «Айқын» газеті. Еліміздегі жанар май бағасына шолу жасалған шағын мақала «Шымкент мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатты» деген атаумен жарияланған. Басылымның жазуынша, зауыт басшылары оның себебін былай түсіндіреді «Бүкіл жөндеу жұмыстары және инвестициялық жобалар зауыттың қызметін жақсартуға және болашақта зауыттың сапалы әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін оның жабдықтарының сенімділігін арттыруға бағытталған».
***
«Жас қазақ» газетінде «Ақсайлықтар азамат екен» деген тақырыппен мақала жарық көрді. «Маусым айында жергілікті ақпарат құралдарынан Ақсай қаласындағы Заводская көшесі (негізі Жайық) Қарашығанақ кенішін игеріп жатқан «КПО» компаниясының бас директоры, ағылшын азаматы Роджер Фокс болып өзгертілгенін естідік. Бірлескен шешім мен қаулыға байланысты аудан әкімдігі мен мәслихат өкілдерінің берген түсініктемелерінде:«Барлық депутат, оның ішінде сессияға қатыспағандары да толық қолдады. 148 тұрғын өз көшелеріне Р.Фокс атын беруді қолдап, қолдарын қойды» деген еді. Осыны оқығанымда тұрғындардың ұлттық намысы және болашақ ұрпақ алдында жауапкершілігі жоқ қара басын ойлағандар шығар деп, қатты ренжідім. Көңілім құлазыды. Анығын білуді азаматтық парызым санап, Ақсай қаласына аттандым», делінген. Ақсай қаласындағы оқиғаның қалай өрбігінен егжей-тегжейлі басылымның бүгіні санынан оқи аласыздар.
Осы басылымда Үндістанның Халықаралық Падма Шри Сыйлығының лауреаты, Пәкістанның Икбал Академиясы «Икбалдың Алтын Ескерткішi» сыйлығының иегері Әубәкір Дастанұлының «Шыңғысханның соңғы күні» атты көлемді әңгімесі жарық көрді.
«Арқалықта басталып Елордаға дейін жеткен бітпес даудың қазіргі жайы итжығыс. Бұл оқиғада жеңген де, жеңілген де ешкім жоқ, тек екі тараптың ырың-жырыңынан әбден мезі болған студенттер мен ұстаздар ғана бар. Бастысы, ұстаз ұйымдастырушы, студент қолшоқпар рөлін иемденген бұл оқиғаға төрелігін айтып, тоқтау салатын ешкім болмай тұр», деп жазады «Жас қазақ» басылымы. Арқалықтағы Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық институт башылары мен студенттер арасындағы кикілжіңді жан-жақты білгіңіз келсе, басылымда жарық көрген «Альфа» және оның командасы» атты мақаланы оқыңыз.
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жолының жобасы шеңберінде ОҚО мен Тараз арасындағы шекарадағы автожолдың әр шақырымы 3,5 млн доллар тұрады және ол өзін-өзі ақтайды екен. Кеше спикер Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы аталған учаскеге байланысты келісім ратификацияланған. Осы келісімге сәйкес ИДБ жолдың 58 шақырымын жаңғыртуға 170 млн доллар несие бөледі.
«Астаналық «Барыс» хоккей командасы жаңа жеңіске жетті», деп жазады «Литер» газеті.
Басылымның жазуынша, осыдан сәл ғана бұрын астаналық ұжым өз қарсыластарына ұпай берумен ғана келген. Ендігі уақытта жағдай өзгеріп отыр. Алдыңғы күні Астанада «Барыс» нижегородтық «Торпедо» командасын 4:2 есебімен ұтқан.
«Экспресс К» басылымның хабарлауынша, елордада еліміздің Спорттық покер федерациясының филиалы ашылады. Бұған таяуда ғана азиялық покер турнирінде 4-ші орынды иеленген алматылық Дархан Ботабаевтың жетістігі түрткі болған. Ол осы турнирде жүлдеге тігілген 166 мың долларды қанжығасына байлаған.