Қазақ елінің «Астана арландары» енді жартылай финалдық додаға дайындалуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) жобасының бесінші маусымында «Б» тобында 14 кездесу өткізіп, 40 ұпаймен жеке дара көш бастаған Қазақ елінің «Астана арландары» енді жартылай финалдық додаға дайындалуда.

Қазақ елінің «Астана арландары» енді жартылай финалдық додаға дайындалуда

Бүкіләлемдік бокс сериясы жобасының бесінші маусымында «А» тобында Куба боксшылары 42 ұпай жинап, кезеңдік бәсекелерде ешбір елдің командасына есе жіберген жоқ.

Көш басындағы осы аталған екі команда бірден жартылай финалға шығып отыр.

Енді екі топтағы екінші және үшінші орынды иеленген командалар жартылай финалға шығу үшін өзара кездесу өткізбекші. Атап айтқанда, Бүкіләлемдік бокс сериясы сайтының мәліметіне сүйенсек, 6-7 мамыр күндері Әзірбайжанның 32 ұпайға ие болған «Баку оттары» мен «Мексико Гуеррерос» (28 ұпайы бар) командалары өзара кездесіп, жеңгені Куба қабыландарының қарсыластары атанады.

Сондай-ақ 10 және 11 мамыр күндері «А» тобында 32 ұпай жинаған Ресейдің «Рашн Боксин Тим» командасы «Б» тобында 27 ұпайды еншілеген «Италия Тандер» боксшыларымен кездеседі. Осы екі команданың жеңгені «Астана арландарының» жартылай финалдағы қарсыласы болмақ.

Жартылай финалдық кездесуді 23-24 мамыр күндері Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде өткізу жоспарлануда.