Қазақ етін ресейлік нарыққа шығару үшін бірқатар шаралар қолға алынбақ
АСТАНА. Қарашаның 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстандық ет пен ет өнімдерін Ресей нарығына шығару үшін бірқатар шаралар атқарылмақ. Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «Агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыру міндеттері және бюджет қаражатын тиімді пайдалануды арттыру» тақырыбындағы парламенттік тыңдау барысында
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру ауыл шаруашылығы саласындағы өнімдер сапасының артуына жағдай туғызады. Мәселен, ет өндіру саласын қарастырсақ, бүгінгі күні Қазақстанның еті үшін Ресей нарығы әлі де жабық күйінде тұр. Бұндағы себеп - қазақстандық өнімдер ресейлік қызмет органдарының сапаға қатысты талабына сәйкес болмауда. Сондықтан да, қазіргі күні қазақстандық ет импортталатын елдер талап ететін барлық санитарлық нормалар сақталынған заманауи бордақылау алаңдарын құру, мал сою желілерін дамыту шаралары қолға алынып жатыр. «ҚазАгро» холдингі арқылы Ұлттық қор қаражатына мал бордақылау мен сою цехтарын, ет өңдеу кәсіпорындарын құру жұмысы басталды. Қазіргі таңда еліміздің түрлі өңірлерінде осындай 5 жобаны қаржыландыру мақұлданды», деді ол. Ө. Шөкеевтің айтуынша, бұған қосымша қазақстандық ет өнімдерін ресейлік органдардың оңтайлы бағалауы үшін нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру жұмыстары да қолға алынған.
«Бүгінгі күннің өзінде ет өнімдерін сертификаттауды қазақстандық-ресейлік мамандардың бірлескен комиссиялары арқылы жүзеге асыру туралы қағидатты келісімшарт жасалды», деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.